"Марсқа қош келдіңіз!": Моңғолияның Гоби шөлінде Қызыл ғаламшардағы өмірді бейнелейтін лагерь ашылады

Фото: CNN Newsource
Моңғолияның Гоби шөлінде ерекше туристік лагерь салынады. Ол Марс базасының көшірмесі болмақ. Мұнда адамдар бір ай бойы марсқа ұшқан астронавттар сияқты өмір сүріп, жұмыс істей алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Вокруг света" журналына сілтеме жасап хабарлайды.
Жобаның атауы MARS-V, оны Улан-Батордағы үкіметтік емес ұйым жүзеге асырып жатыр. Алғашқы "турист-астронавттарды" 2029 жылы қабылдау жоспарланған.
Марсқа барудың жердегі нұсқасы
Лагерьдегі өмір шынайы ғарыш миссиясына барынша ұқсас болады. Қатысушылар капсулалы модульдерде тұрады. Онда зертхана мен шағын жылыжай бар. Тамақтану – сублимирленген өнімдермен, ал Жермен байланыс жасанды кідіріс арқылы жүреді. Бұл Марс пен Жер арасындағы нақты қашықтықты сезіну үшін.
Күн тәртібі де нақты жоспарланған: медитация, жаттығу, таңғы ас, тапсырмалар мен зерттеулер. Мысалы, қатысушылар геологиялық сынақтар жасап, құрал-жабдықтың істен шығуын шынайы жағдай сияқты шешуі тиіс.
"Басты мақсат – оқшауланған ортада өмір сүре білу. Өзіңді басқа планетада жүргендей сезіну керек. Ережені бұзсаң – миссия сәтсіз аяқталады", – деді жобаның жетекшісі Энхтувшин Дойодхуу.
Барам деушілер алдымен қатаң іріктеуден өтеді. Физикалық және психологиялық тестілер, одан кейін астробиология, оқшау өмір және қауіпсіздік ережелері бойынша үш айлық онлайн-дайындықтан өтеді.
Одан кейін алты адамнан тұратын топ телефондарын тапсырып, Улан-Батордан 10 сағаттық сапарға шығып, шөлдің тереңіне жол тартады.
Фото: CNN Newsource
Ғалымдардың айтуынша, Жер бетінде Марсқа ең ұқсайтын аймақ – Гоби шөлі. Мұнда температура +45-тен –40 °C-қа дейін өзгереді. Ауа құрғақ, топырақ құнарсыз, ал құмның қызғылт түсі темір тотығына байланысты.
"Бұл жер шексіздік пен бос кеңістіктің әсерін тудырады, дәл “Безумный Макс“ фильміндегідей. Қорқынышты, бірақ ғажайып көрініс", – дейді Дойодхуу.
Лагерьдегі күмбезді модульдер дәстүрлі моңғол киіз үйлерінен шабыт алған.
"Марстық" өмірдің бағасы – 6 000 доллар. SpaceX немесе Blue Origin сияқты компаниялар ұшуды миллиондармен бағаласа, MARS-V жобасы дәл сондай әсерді 6 000 долларға ұсынады. Бұл бағаға дайындық пен тұру кіреді.
Бағдарлама қазаннан наурызға дейін өтеді. Гоби бұл уақытта –30 °C-қа дейін суық болады. Ұйымдастырушылар лагерь қауіпсіз, бірақ оқшаулану мен суықтың әсері "нақтыдай сезіледі" дейді.
"Біз адамдарды қауіпке итермелемейміз, тек шынайы мен имитация арасындағы шекараны барынша өшіргіміз келеді", – деп қосты Энхтувшин.
MARS-V ғылым мен шытырманды біріктіріп, адамдарға жабық кеңістіктегі өмір мен командалық жұмысты сезінуге мүмкіндік береді.
Ал Марсқа бармай-ақ, жайлылықты қалайтындарға ұйымдастырушылар Three Camel Lodge қонақүйін ұсынады. Мұнда қонақтар марс ландшафтына қарап отырып, спа мен виски дәмін тата алады.
Айта кетейік, бұған дейін америкалық миллиардер Илон Маск адамзаттың Марсқа алғашқы қонуы 5–7 жылдан кейін жүзеге асады деп мәлімдеген болатын.
Республика күнінің маңызы не, мерекені не себепті қайтарды – Саясаттанушылар жауап берді