"Марокколықпын, әуежайға жете алмай тұрмын деді": Алматылықтар алаяқтардың жаңа түрі пайда болғанын айтып дабыл қақты
Фото: freepik.com
Алматылық тұрғын қалада алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып дабыл қақты. Айтуынша, өздерін шетелдікпін деп таныстырып, акцентпен сөйлейтін белгісіз адамдар әуежайға жету үшін ақша сұрайды екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Глеб есімді азамат желіде оқиғасын бөлісті.
“Бүгін Тимирязев көшесінде бір жігіт келіп, акцентпен “шетелдікпін, әуежайға қалай баруға болады?” деді. Адасып кеткен шығар деп такси шақырып берейін дедім. Ол болса картасының бұғатталғанын айтты. Бір кезде қызықтың бәрі басталды. Бұрын-соңды естімеген бір тілде жылдам сөйлей бастады. Менің реакцияма қарап қояды. Сосын қай елден екенін сұрадым. Мароккодан екенін жеткізді.
Бірақ ол бүгін оңай алдана салатын адамға жолықпады. Мен көптен бері тілдерге қызығамын, лингвистика – менің хоббиім. Ішімнен ойланып тұрмын: "Мароккода негізінен арабша мен бербер тілінде сөйлейді. Бірақ мына жігіттің айтқаны ол екеуінің ешқайсысына ұқсамайды! Оның үстіне бәрін орыс акцентімен айтып тұр! Яғни, нағыз шетелдік секілді болып көрінуге де тырыспайды”, – деді азамат.
Кейін Глеб ағылшын тіліне көшіпті.
“Bro, do you speak English?” (Бро, ағылшынша сөйлей аласың ба?) дедім. Ол “Йес!” деді. Бірақ артынша тағы да сол түсініксіз былдыр сөздерін айтып кетті. Сол кезде мен шыдай алмай күліп ”What the hell are you talking about?” (Сен не айтып тұрсың өзі?) дедім. Сол сәтте ол менің алданбайтынымды түсініп, ашуланып қолын бір сілтеді де, кетіп қалды.
Сондықтан айтайын дегенім, Алматыда өзін "шетелдікпін" деп таныстырып, ақшаңызға қол жеткізгісі келетін алаяқтар пайда болып жатыр. Абай болыңыздар!”, – деп жазды ол.
Желі қолданушылары шынымен осындай алаяқтардың бар екенін растады.
“Менде де дәл осындай жағдай болған. Алайда менде қолма-қол ақша болмағасын каспи картасына жіберейін дедім. Ол болса халық картасына жіберуімді сұрады. Менде халық картасы да бар болғасын айтқан номерін жазсам, Дисана С деген ат шықты”
“Өкінішті, мен сеніп, осындай адамға ақша аударып жібергенмін”, “Жұбайым екеуімізге сол көзілдіріктегі бір адам осымен бірнеше рет ақша сұрап келді. Кейін тіпті күйеуім “бауырым сен сонда әлі кетпегенсің бе?” деп айтты”, “Маған да бірнеше рет кездесті, өзі білмейді. Бірінші рет оған сеніп, көмектескенмін. Кейін үш-төрт рет дәл солай көмек сұрады”, – деп жазды жұрт.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
