Марқұмның үстінен іс қозғалған: Алматыда төбелес кезінде көз жұмған 33 жастағы тұрғынның туыстары әділдік талап етті
Видеодан кадр
Алматыда төбелес кезінде көз жұмған 33 жастағы Багаудин Озиевтің туыстары әділдік іздейді. Өйткені күдіктілер әлі қамауға алынбаған, марқұмның үстінен іс қозғалып, тергеу созбалаңға салынып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қанды оқиға 2023 жылғы қарашада болған. Туыстарының айтуынша, Багаудин Озиев досымен кешкі ас ішуге барып, өзге жігіттермен сөзге келіп қалған. Олар мәселені сыртқа шығып шешпек болып, салдарынан Багаудинді төрт бірдей жігіт тепкінің астына алған. Ауыр жарақат алған жігіт оқиға орнында қайтыс болған.
"Алған жарақаты өте қорқынышты. Мен тіпті оны ешқандай желіге жариялағым келмейді. Ішектері сыртқа ақтарылып кеткен, 17-18 сантиметр шамасында. Ол сол жерде бүкіл қанынан айрылып, жедел жәрдем келем дегенше мерт болды. Ал оқиға орнынан күдіктілер ізім-қайым жоқ болған. Тіпті оларды көлік күтіп тұрған көрінеді. Ал менің бауырыма ешкім көмекке келмеген", – дейді марқұмның әпкесі Лейла Хамзеева.
Оның айтуынша, бұл оқиғадан кейін 1,5 жылдан аса уақыт өтсе де, күдіктілердің барлығы бостандықта жүр. Оңбай таяқ жеп, ажал құшқан Багаудин Озиевке "ауыр дене жарақатын салды" деген айып тағылғаны жәбірленуші тарапты таңғалдырыпты.
"Қылмысқа қатысушылардың бірде-біреуіне тергеу жұмыстары жүргізілмеген. Олар ешқандай түсініктеме бермеген. Соған қарамастан қылмыстық іс бірінші қаралған бап бойынша емес, өзге баптармен қайта қаралуға жіберілген. Күдіктінің бірі сөз арасында марқұмның қолын қағып жіберіп, жарақат алғанын айтады. Ал бұл үлкен күмән туғызады", – дейді адвокат Алишер Алишов.
Марқұмның артында жары мен кәмелет жасына толмаған үш қызы қалды. Бұл іс бойынша Алматы қалалық прокуратурасына сауал жолданған.