"Ағзаны алуға туыстары араласпауы керек": Ең алғаш қайтыс болған адамның жүрегін алған қазақстандық қалай өмір сүріп жатқанын айтты
Жәнібек Оспанов – қайтыс болған адамның жүрегін алған алғашқы қазақстандық. Донордың арқасында өмір сүруге тағы бір мәрте мүмкіндік алған азамат қазір "Өмір тынысы" трансплантация жасалған науқастар қоғамдық бірлестігін басқарады. Қазақстандағы трансплантологияның дамуына себепші болған азамат дертке шалдығуы туралы және өзгенің жүрегімен қалай өмір сүріп жүргенін Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Тамақ ауруынан жүрек қызметі жеткіліксіздігіне дейін
Астаналық Жәнібек Оспановтың бала кезінен жиі тамағы ауырып, ангина болған. Өсе келе ол асқынып, артрит, полиартрит, ревматоидты артритке ұласып, ақырында жүрекке әсер етіпті. Дерттің жалғыз емі жүректі ауыстыру еді, дейді ол.
"2008 жылы жансақтау бөліміне түстім. Содан бері төрт жыл бойы өмірімді ұзарту үшін бар күшімді салдым. Бірақ ауру асқына берді. Трансплантация қажет болды. Мен бұл туралы бәрін зерттеп, отаны шетелде жасату үшін қомақты қаржы керек екенін ұқтым. Жүрек қызметі жеткіліксіздігінің кесірінен жұмыс істей алмай, күзетші болдым. Тыныс алудың өзі қиындады", – деп сөзін бастады Жәнібек Оспанов.
2012 жылы кардиохирургия орталығында кезекті ота жасау үшін ауруханаға жатқызылған кезде жақын маңдағы клиникада бір адам жан тапсырғанын естіген. 49 жастағы Галина Воротникованың басқа ағзасы сау болғанымен, миы қызметін тоқтатыпты. Сондықтан мамандар оның жүрегін Оспановқа салу туралы шешім қабылдаған.
“Маған мамандар бұл Қазақстанда қайтыс болған донордың ағзасымен жасалатын алғашқы трансплантация екенін және отаның сәтті өтетініне ешқандай кепілдік жоқ екенін бірден айтты. Ешқандай амал болмағасын әрі бәрібір де ұзақ өмір сүре алмайтынымды түсінгесін келісім бердім”, – дейді ол.
"Анамның жүрегі соғып тұр, демек ол әлі тірі”
Анасының жүрегін донорлыққа беруге 21 жастағы Игорь Воротников келісімін берген. Содан бері Оспановтар Воротниковтың отбасымен араласып тұрады.
“Менің өмірімді аман алып қалуға әсер еткен Игорь сол кезде 21 жаста, ал донорымның кенже қызы Вероника небәрі 14 жаста еді. Игорьдің шешімінің арқасында Қазақстанда алғаш рет жүрек трансплантацияланды. Ол келісім бермегенде жүрек трансплантациясының дәуірі қашан басталатыны белгісіз еді. Біз Игорьмен әлі де жақсы араласамыз, ол операция келіскеніне еш өкінбейді. "Анамның жүрегі соғып тұр, демек ол әлі тірі” деп айтады”, – деді спикер.
Айтуынша, өзге жүректі салғаннан кейін өмірінде айтарлықтай өзгерістер болмапды. Қарапайым адамдар сияқты өмір сүремін дейді. Тек иммуносупрессивті терапия, яғни ағза бөгде органды қабылдамай қоймас үшін арнайы дәрілерді қабылдауға мәжбүр. Сондай-ақ жылына бір рет дәрігерге қаралып тұрады. Өзін күтіп, спортпен айналысып, аса көп уайымға салынбауға, жүрегіне артық күш салмауға тырысады.
“Трасплантологияның дамуын донор жетіспеушілігі шектеуде”
Жәнібек Оспанов трансплантация бойынша жұмыс істеп, "Өмір тынысы" қоғамдық бірлестігінде, республикалық трансплантация орталығында жүргендіктен, елімізде донор болу мәселесі өзекті екенін жақсырақ біледі. Сөзінше, жыл сайын 300 мұқтаж жан кезегіне жетпей, жан тапсырады. Себебі елімізде көбіне жақындары марқұмның ағзасын трансплантациялауға қарсы шығады екен.
“Басты мәселе – туыстардың ағзаны донорлыққа беруге келісім бермеуінде. Оларды түсінуге болады. Өйткені алғашында жақын адамы қайтыс болғанын саналы түрде қабылдамайды әрі оның денесін бөлшектеуге жүрегі дауаламайды. Сондықтан әр адам өз денесіне қатысты шешімді өзі қабылдап, келісім беру немесе бас тарту құжатына қол қоюы керек”, – деді ер адам.
Жәнібек Оспанов донорлық туралы заңға ұсынылған өзгерісті қолдайтынын жеткізді. Себебі қайтыс болғандардың ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу керек деп есептейді.
“Келісім презумпциясы бойынша адам жазбаша түрде бас тартпаса немесе қарсы екенін айтпаса, ол автоматты түрде келісті деп саналуға тиіс. Демек адам тірі кезінде ағзасын беруге қарсымын деп жазып кетпесе, оның денесін ала беруге болады. Үнсіз қалу – келіскенінің белгісі. Бірақ қазір адам бас тарту немесе келісім беру қағазын толтырмаса, оның туыстарынан сұрайды. Кейде тіпті адам өлер алдында рұқсат беру қағазын толтырса да, туыстарының алдынан өтіп, олардың да рұқсатын алады. Сол үшін осы заңды өзгерту қажет. Бүгінде адамдар бұл келісім қағазына немқұрайлылықпен қарайды. Ал мұндай маңызды шешімді жақындары қабылдауы керек болады. Егер аталмыш өзгеріс қабылданса, маңызды таңдауды туыстарға жүктемей, адамның өзіне береді. Бірақ көбі бұл нәрсені қате түсініп, марқұм болғандардың бәрінің ағзасын алады деп ойлап жүр. Жоқ, сіз қарсымын деп өлмей тұрып айтсаңыз, ешкім ағзаңызға тиіспейді. Осы заңның көмегімен олар алдын ала шешім қабылдайды“, – деді "Өмір тынысы" бірлестігінің төрағасы.
Ол қазақстандықтарды келісім беруге үндеп, әр отандасымыздың өмірін аман алып қалу мүмкіндігін пайдалануды сұрады.
“Ағза донорлығына қатысты көзқарасымызды өзгерту керек, елде тапшылық бар. Себебі мұқтаж адам біздің бауырымыз, жақынымыз болуы мүмкін. Туысымыз болмаса да, олар – біздің көршіміз, отандасымыз, еліміздің азаматы. Біз рұқсатымызбен оларды аман алып қала аламыз. Былайша ол ағза бәрібір жердің астында шіріп кетеді. Ал рұқсат берсеңіз, жеті адамды құтқаруға болар еді”, – деп түсіндірді Жанболат.
Жәнібек Оспанов Қазақстандағы трансплантология саласын ағза жетіспеушілігі тежеп тұрғанын тілге тиек етті.
“Ағза доноры мәселесін көбірек айтып, халықты ақпараттандыруымыз керек. Әсіресе, БАҚ-та жиі айтылғаны жөн деп санаймын. Дін бойынша да, этика бойынша да оның қате емес екені айтылған еді, соны көбірек насихаттаған абзал. Одан бөлек ағза доноры болуға келіскендерге жеңілдіктер, ынталандыру шаралары жасалуға тиіс деп санаймын”, – деді ол.
2024 жылдың 10 қаңтардағы есебі бойынша Қазақстанда 3961 адам донорға мұқтаж. Оның 3613-не бүйрек қажет. Ал 174 ересек пен 10 балаға бауыр доноры табылмай жатыр. 145 адам жүрек үшін кезекте тұр. Оның 7-еуі – балалар.
Ислам діні қайтыс болған адамның ағзасын донорлыққа алуға қалай қарайды?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы трансплантация емдеудің бір түрі екенін айтады.
“Егер кімде-кім Алланың құрметті әрі ардақты еткен адам баласын өлімнен құтқарылуына себепкер болса, оның сауабы мен артықшылығы орасан зор. Жалпы трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзасын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат”, – делінген ресми мәлімдесінде.
ҚМДБ Исламда тірі адам мен өлген адам бірдей құрметке лайық болса да, тірі адамның мүддесі жоғарырақ екенін айтты.
“Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда өлген адамның ағзасын тірі адамға ауыстыруға болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді.
Сонымен бірге тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары. Себебі тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттайды. Сол себепті бұл әрекет өлген адамға зиян жасау немесе қорлау болып саналмайды”, – деді ресми өкіл.
Алайда ол үшін ақы алып, оны сауда-саттыққа, пайда көзіне айналдыру күнә дейді. ҚМДБ марқұмның ағзасын донорлыққа алу кезіндегі 5 шартты атады.
- Ағза берушінің өлімі нақты болуға тиіс. Оның өлімі нақты тіркеліп, комиссия марқұм деп таныған кезде ғана ағзаны алуға болады;
- Трансплантациядан басқа ем амалы болмағанда ғана донорлыққа жүгінуге рұқсат;
- Адам тірі кезінде өз рұқсатын беріп, біреуге өсиет еткен болуға тиіс. Трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармауы керек;
- Ұрпақ тарату жүйесіне қатысты ағзаларды донорлыққа беруге болмайды;
- Ота мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде ақысыз негізде жасалуы шарт.
Бұған дейін Қазақстанда қайтыс болғандардың ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу ұсынылды. Сондай-ақ елімізде жүрек донорын күткен науқастардың 70%-ы кезегі жетпей өмірден өтеді екен.