Марқұм ұлының еміне жиналған 7 млн теңгені анасы өзге науқастарға таратып берді
Ой салатын оқиға.Ұлынан айырылған астанадық келіншек шамамен жеті миллион теңгені танымайтын жандарға таратып берді.
Бұл туралы Евразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әу баста қомақты қаражат өзінің туған ұлын емдеуге жиналыпты. Бірақ, тағдырдың жазуымен баласына бұйырмады… Дегенмен, ол қаржының есебінен, ондаған адамның жаны аман қалды.
Баласының өмірден озғанына біршама уақыт өткенмен, анасы үшін ол қашанда тірі. Осы күнге дейін, ұлы жайлы өткен шақта ешқашан әңгіме қозғаған емес. Болашақта да осылай жалғаса бермек. Ал жастайынан жауынгер болуды армандаған Мейрамға 18 жасында суық тиеді. Ұзаққа созылған дерттің соңы аққан кеселіне ұласқан.
«Диагнозы анықталған соң, бір жылдан астам уақыт ауырды. Осы аралықта бір рет те болсын, көңілі босап, тағдырына налымады. Соңғы демі қалғанша, тек сабыр сақтап, асқан ыждахаттылық танытты. Бұл әрекетімен, ол маған да өмірдің мәнін ұғындыра білді» — Мейрамның анасы Марина Чейшвили.
Әлсіз жатқан баласы үшін анасы барын салды. Әлеуметтік желілер арқылы халықтан көмек сұрап, 7 млн теңгедей қаржы жинаған. Оған Германияда жілік майын алмастыруға үміт пайда болады. Бірақ, қолдағы ақша жыртықты жамағуа жетпеген. Сөйтіп жүргенде Мейрамның дәм-тұзы таусылған.
«Дәрігер маған келіп, балаңмен қоштасуға жарты сағатың бар деді. Ординаторлар бөлмесі мен жансақтау бөлімінің арасы жарты минуттық қана жер. Бірақ, сол жол менің өмірімдегі ең ұзын жол болып көрінді» — Мейрамның анасы Марина Чейшвили.
Бірақ, Мейрамның жүрегі жарты сағат емес, тағы бір тәуліктей соғып тұрды. Ол сәтте анасы оның жанынан бір елі де шықпады.
Бірнеше күн ұйықтамағандықтан, көзім 20 минутқа ілініп кетіпті. Бірақ, мен сол аралықта ұлымнан айырылдым.
Өзінен кейін қандай да бір із қалдыруға ұмтылған Мейрамның өзі өмірден өткен соң дегені болды. Емі үшін жиналған қаражат шыбын жанына араша болмаса да, бір емес, бірнеше адамға қайта өмір сыйлады. Ал анасы Марина осы орталыққа жұмысқа тұрып, науқастардың туыстарына рухани қолдау көрсетіп жүр.
«Менің ұлым жеңілген жоқ. Ол жеңді. Себебі, өзі қайтыс болса да, белгілі бір жандарға өмір сыйлады» — Мейрамның анасы Марина Чейшвили.
Жіберіп алмаңыз:
Қайырымды жандардың арқасында атыраулық науқас қызға шетелде ота жасалды
Қазақстанның әуежайлары мен бекеттерінде намазхана қайта ашылуы мүмкін
Алматылық бойжеткен көлігімен полицейді қағып кетті (видео)
Тарихы мен дәстүрі: «Бастаңғы» бассыздыққа жол бастар ойын ба?