Марғұлан Сейсембай: Байлыққа батқаннан бақытты өмірді артық көремін
Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай еңбекқорлығымен кез-келген адамға үлгі бола білген жан. Кезінде ол малшы ауылда екі жылдай қойшы болған. Мал бағып жүргенінде білім алуға құлшынысы оянып, оқу оқиды. Содан кейін жұмыс істеп, 6 миллиард доллар табады. Бірақ, осыдан кейін қолындағы барынан айырылады. Дегенмен, еңсесін түсірмеген ол бизнесті қайта қолға алып, бүгінде 40-тан астам жобаның акционері болған мықты кәсіпкерге айналды. Қазір оны көпшілігі біледі. Бірақ, оның алдынан шыққан қиындықтардан қалай өткенін көбі біле бермейді. Осыған орай Stan.kz барлық қиындықты жеңіп, білімділігі мен алғырлығының арқасында көпке үлгі бола білген Марғұлан Сейсембайдың "ФЕДОРИВ ВЛОГ-қа" берген сұхбатын ұсынады.
Ол Малшыбай ауылындағы қазақ мектебінде оқыған. Мектепті бітіргеннен кейін барлық түлек білім қуып, оқуға түсуге қалаға кетеді. Бірақ, Марғұлан Сейсембай ауылда қалды. Сол кезде комсомол жастар бригадасына шақырту алған арасында Марғұлан да бар төрт жігіт ауылда малшы болып қалғанды жөн көреді. 1000 бастан екі отар қой алған жас жігіттер таңнан кешке дейін мал бағады. Осылай екі жыл өтеді.
Бірде жаздың ыстық күнінде қой бағып жүрген Марғұланда «мен сонда өз тамағымды бағу үшін тудым ба?» деген сұрақ туады. Сол сәттен бастап ол «мен бұнымен не істей аламын» деп ойлай бастайды. Сөйтіп жүргенінде оны әскерге алып кетеді. Бірақ, ол әскерде де болашағын ойлаумен болады.
Әскерден келгеннен кейін Марғұлан Сейсембай қазақ мектебінде оқығанына және көп пәндерді меңгермегеніне қарамастан, өз еркімен дайындық курсына жазылып, 5 айда бүкіл пәнді оқып шығады. Сөйтіп, оқуға түседі. Университетте үздік оқып, Ленин, Киров, Әл-Фараби степендиаты болып, қарапайым студенттер 20 рубль шәкіртақы алып жүргенде Марғұлан 120 рубль алып жүрді.
Бұдан бөлек, өз ынтасымен екі курстың ішінде ағылшын тілін үйреніп шыққан. Үшінші курстан кейін Марғұлан ядролық палигонды жабуға бағытталған «Невада-Семей» қозғалысына қатысып, жаз бойы сонда аудармашы болып жүреді. Сол кезде ол ағылшынды қазақшаға, қазақшаны ағылшынға аудара алатын жалғыз қазақ болды.
Ал, оның бизнеске қалай келгені өз алдына бір оқиға. Марғұлан Сейсембай үшінші курста оқып жүргенінде жазушы Дейл Карнегидің “Адамдарға қалай әсер етуге және достасуға болады» кітабын қолға алады. Сол жылдары Назарбаевтың студенттермен кездеседі дегенін естіген Марғұлан осы кітаптың негізінде президентке хат жазады.
«Бұл кітап қатты ұнап, осы еңбектің негізінде президентке хат жаздым. Кәдімгідей, мен Марғұлан Сейсембай қазақ мектебін бітірдім, қойшы болып жұмыс істедім, әскерде болып келдім, одан келіп оқуға түстім, қазір Ленин степендиатымын, сабақты үздік оқимын, енді мені шетелге жіберіңізші деп жаздым. Сол кездесуде Назарбаев менің хатымды алып, бүкіл залдың алдында оқып берді де, осыны жазған жігіт орнынан тұрсыншы дейді. «Міне, бізге осындай адамдар керек болады. Мен осындай адамдармен болашақ Қазақстанды қалайтын боламын» деп, менімен жүріңіз деді. Сөйтіп, ол мені жетектеп резиденциясына алып келді. Онда президенттен бөлек қала әкімі, білім министрі, Калифорния университеттің деканы мен профессоры болды. Сол жерде менен бәрін сұрап, соңында шетелдіктерге «бізден бір студент қабылдасаңыздар», деп мені айтады. Президенттің сөзін естіп қатты қуандым. Содан шақыртуды күтіп жүрдім. Бірақ, мені біраз уақыт шақырмай жүрді. Кейін шенеуніктердің менім орныма өздерінің туыстарын жібергенін білдім»,- дейді Марғұлан Сәрсембай.
Өзінің орнына шенеуніктердің 5 туысы кеткенін естіген 24 жастағы жігіт еш ойланбастан білім министіріне барады.
«Мен сіздердің менің орныма өз туыстарыңызды жібергендеріңізді білемін. Сіздердің екі таңдауыңыз бар. Біріншісі, мен жанжал көтеріп, сіздердің менім орныма өз туыстарыңызды жібергендеріңізді жар салып, газетке жазамын. Екіншісі, сіз маған ҚазҰУ-ды экстернмен (оқу орнында оқымай емтихан тапсырушы) бітіруге рұқсат бересіз дедім. Ол мұны естіп: «Қайдағы экстерн, не деп тұрсын. Соңғы рет экстернмен Ленин ғана бітірген. Бізде мұндай деген жоқ» деп шағымдана шықты. Бірақ, менің әрекетімді көріп, айтқаныма келісті»,- дейді кәсіпкер.
Осылайша, ол университеттегі соңғы курсында екі жылдың сабағын оқып шығады. 1991 жылы университетті мерзімінен бұрын бітіріп шыққан Марғұлан Сейсембай бірден «Сеймар» компаниясын ашып, бизнеспен айналыса бастайды. Бірақ, бұл жолда ол көптеген қиындыққа тап болды. Серіктестері де, достары да жарты жолда тастап кетіп, Марғұлан Сейсембай 12 жарым миллион доллар қарызын құшақтап қалады. 1993 жылы ісі алға басып, кәсіпкер 1 жылдан кейін тері зауытын салуды ойластырады.
«Ол кезде Түркияға көптеп тері экспортталатын. Олар теріні өңдеп, біз оны сатып алатынбыз. Сонда мен, бізге теріні өңдеу үшін Түркияға жіберіп неміз бар, оны мұнда да жасай аламыз ғой деп ойладым. Сөйтіп, біз тері зауытын сала бастадық. Барлық қажетті құрылғылар табылып, 2 жарым айдан кейін зауытты бітіріп, іске қостық»,- дейді Марғұлан Сейсембай.
Ол зауыттың ашылуына ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, оның отбасы, бүкіл президент әкімшілігі және Қазақстан билігінің тең жартысы келді. Осындай жетістіктерге жеткен кәсіпкер білім мен ақпаратты бір-бірінен ажырата білу керек дейді.
«Көпшілігі ақпаратты білім деп ойлайды. Негізінде, білімнің ақпарттан айырмашылығы білім – сен өз өміріңде қолдана алатын ақпарттың бір бөлігі ғана. Ал қалғаны жай ғана ақпарат. Мысалы, мен жыл сайын желтоқсан айында келесі жылы оқитын кітаптар тізімін жасаймын»,- дейді кәсіпкер.
1991 жылы кәсіпкер нарықтың көтерілгенін байқайды. Содан «Қазкоммерцбанкке» келіп, тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, әр түрлі бизнеспен айналысатынын айтады.
«Сөйтіп, «Риском» компаниясын аштым. Сол кезде «Караван» газетіне «сізде қалай ақша табуға болатыны туралы идеялар болса, мен инвестиция жасауға дайынмын» деген хабарландыру бердім. Содан маған көп идеялар түсе бастады. Бір күні аңға шыққанда «К-mobille» ұялы операторының бас директоры болған Ескендір есімді жолдасым «неге К-mobille-ды сатып алмайсың» деп сұрады. Ол кезде менде «Алматы-құс» компаниясы болатын. Ал, ол маған «сатып ал, сатып ал, Тимур Құлыбаев оны сатқысы келіп жүр» деп, қолқалап қоймады. Тимур қазір Қазақстандағы №1 олигарх. Яғни, Назарбаевтың күйеу баласы. Бұған дейін «Альянс банкті» сатып алған болатынмын. Содан мен «Альянс банктен» қарыз алып, Тимурға келіп, 12 миллион долларға К-mobille-ды сатып алдым. Ал бір аптадан кейін Тимурдың адамдары келіп, Марғұлан бізге К-mobille-ды қайта сатшы дейді. Олар менен бір апта бұрын өздерінен 12 млн долларға сатып алған К-mobille компаниясын 24 млн долларға сатуды сұрады. Бірақ, мен сатпадым. Мұның артында қомақты сома ұсынған сатып алушы тұрғанын түсіндім»,- дейді Марғұлан Сейсембай.
Кейін кәсіпкер бұл компанияны сатты. Бірақ, ол оны оңай сата салмады. Ол тендр жариялап, келіссөздер өткізіп, кеңесшілерге жүгініп, ақыр соңында 425 миллион долларға сатты.
Бірақ, бір кезде ол жылдар бойы жинағынан бір сәтте айырылып қалады.
«Мен оңай жоғалттым. Бір кезде саяси билік ұлттық буржуазияны бейтараптандыру керек деп шешті, ал мен осы істің астында қалып қалдым. Содан менен бәрін тартып алды. Ал қылмыстық іс болған жерде ондай іс көп болады. Басты билік жайқау беріп, содан тергеушілер ізге түсіп, осы істен өздері де ақша таба бастады. Нәтижесінде, оларға банкті тартып алу туралы бұйрық түссе, олар жолдағының бәрін алып отырды. Ал, мен кінәсіз екенімді дәлелдеп, 7 жылымды сотта өткіздім»,- дейді ол.
Сондай-ақ, ол басынан өткен жайттарды айта келе, өмірден қандай сабақ алғанын, өмірде нені артық көретінін деп ашып айтып, жастарға кеңес берді.
«Жас кәсіпкерлерден өмірде нені қалайсыздар деп жиі сұраймын. Бір қызығы, көпшілігі бақытты болғысы келетіндерін айтады. Осыған қарамастан, адамдардың 99 пайызы бақыттың емес, жетістіктің соңынан қуады. Ал, жетістік бағана мен айтқан көтерілу мен құлау, абақты мен миллиардтар. Бірақ, соңында мен негізгі түсінікке қайтып келдім. Мен үшін байлыққа батқан өмірден, бақытты өмір маңызды. Бірақ, олар қатар жүрсе де болады. Яғни, бай да болып, бақытты болуға болады. Алайда, барлық кезде бақытты және бай бола алмайсың. Ал көбі алдымен бақытты болғысы келеді. Сондықтан, мен бақытты болуға тырысу керек деп ойлаймын. Бұл бәрінің негізі. Егер сіз осыған қоса бақыт сезімін жоғалтпай ақша таба алсаңыз, онда бұл ең жоғарғысы»,- дейді белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
