Мансабың үшін көнесің: Қазақстандық қыз-келіншектер басшылардың интимді қатынасқа қалай тартатынын айтты
Жұмыс орнында басшыңыз жыныстық қатынасқа тартса не істеу керек? Бұл сұраққа ер адамдардың күле жауап беретіні белгілі. Ал әйелдер қауымы мұндай қысым көрсе де, көбіне үнсіз қалады екен. Жұмыссыз қалудан қорыққан әйелдер көбіне сырын іште сақтап, басшысының дегеніне көніп, шыдап бағады. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының бір ғана қаласында сексуалды қысым мәселесі бойынша жүргізілген зерттеудің нәтижесі, деп хабарлайды Время басылымы.
Мұндай зерттеуді UN Women («БҰҰ Әйелдер») жанындағы азаматтық ұйымының кеңес беру тобының өкілі Валентина Сахненко жүргізген. Ол өткен жылдың тамыз айында Алматыдағы мемлекеттік орган, коммерциялық және халықаралық компанияларда жұмыс істейтін 42 жасқа дейінгі 80 әйел адамға онлайн-сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқандардың 52,5 пайызы басшысының жыныстық қатынасқа түсу жөнінде ұсыныс жасағанын айтқан. Соднай-ақ, әр бесінші әйелге басшысымен жақындасуға тура келсе, әр жетінші әйелге мұндай әрекет бірнеше рет жасалған. Ал сауалнамаға қатысқан үш әйелге жұмыстағы қандай да бір мәселені төсек арқылы шешу туралы басшысы ашық айтқан көрінеді.
«Менің шағын зерттеуімнің мақсаты – сексуалды қысым мәселесін нақты сан түрінде көрсету. Мен мұндай зерттеуді еліміздің барлық өңірлерінде жүргізуді жоспарлап отырмын. Мұнан кейін әйелдерге қатысты жасалатын қысым мәселесін шешу үшін, зерттеу нәтижесін қоғам белсенділері мен депутаттарға ұсынамын», – дейді Валентина Сахненко.
Сахненко 15 жәбірленушімен сөйлесіп, олардың оқиғасымен таныс болған. Өз оқиғаларын айтып берген жәбірленушілер есімін құпия сақтауды сұрады.
«Біз дәлізде келе жатқанымызда әрқашан жан-жағымызға қарап жүретінбіз. Себебі басшымыздың қызметкер әйелдердің бөксесінен шап беретін әдеті бар болатын. Бірде осындай әрекеті үшін басшымды шапалақпен тартып жібердім. Ол күлкісін сап тыйып, маған айғайлап ұрыса жөнелді. Қол көтергенім үшін жақында жұмыстан қуылатынымды айтты», – дейді мемлекеттік мекемелердің бірінің қызметкері.
Мұндай жағдай білім беру ордаларында да жоқ емес екен. Алматыдағы мектеп мұғалімдерінің бірі директордың сексуалды ұсынысы туралы айтып берді.
«Мен – қарапайым мектеп мұғалімімін. Мектеп директоры «қызметімде көтерілуім» туралы айта бастағанда, оған жыныстық қатынас түгілі, өмір сүруге уақытым жоқ екенін айттым. Себебі үнемі жұмыстамын. Директор күлді де, мені жіберді», – дейді мұғалім.
Ал Дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша, елімізде мұндай мәселенің жасырын қалуы құқық қорғаушыларға деген сенімсіздіктен туындайтын көрінеді.
«Қазақстанда тұрғындардың құқық қорғаушыларға деген сенімі төмен болғандықтан және заңды дұрыс білмегендіктен, сексуалды қысым мәселесі жиі құпия қалады. Сондай-ақ, сексуалды қысым ұғымын беретін нақты анықтама да жоқ. Биліктен тыс әйелдер ұйымы мәжіліс депутаттарымен бірге 2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңға өзгертулер енгізу бойынша жұмыс тобын құрды. Оған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия да қосылды. Ал әйелдер ұят, экономикалық тұрғыда басшысына тәуелділік, әлеуметтік тұрақсыздық және қорғансыздық тәрізді себептер үшін мұндай мәселе жөнінде жиі айта бермейді», – дейді Зүлфия Байсақова.
Ал басшыңыз жыныстық қатынасқа тартқан жағдайда не істеу керек? Мұндайда шұғыл желідегі «150» телефон нөміріне, сонымен қатар 20 қоғамдық дағдарыс орталығының телефон нөміріне хабарласуға болады. Онда заңгерлер мен психологтар көмек көрсетеді. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро тегін заңгерлік кеңес алуға, істі сотқа жіберу үшін құжаттар жинауға жәрдемдеседі. Ал іске құқық қорғау ұйымдары қосылғанда , олар сотта сіздің құқығыңызды тегін қорғайды.
Айта кетсек, Қазақстанда тек сотқа ғана емес, сондай-ақ, БҰҰ комитетіне дейін жеткен сексуалды қысым жөніндегі жалғыз іс – Қостанай облысының тұрғыны Анна Белоусованың ісі. Мектепте тазалықшы болып жұмыс істеген әйелді мекеме директоры жыныстық қатынасқа тартқан. Жергілікті полицияның ұстанымының қарамастан, ол өз құқығын халықаралық дәрежеде қорғап шықты. Ал БҰҰ комитеті Белоусованың әрекетінің дұрыстығын мойындады.
Оқи отырыңыз:
Павлодарда 11 жастағы қыз өз кәсібін ашып, табыс тауып отыр
Елімізде банктегі қарызы кешірілген тұлғалар табыс салығынан босатылады
Ақтау қаласының тұрғындары аспандағы біртүрлі құбылысты байқап қалды (видео)