Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаулық мұнайшылар басшылықтың оқшаулау туралы талабына қарсы шықты

Маңғыстау облысы Доңға кен орнындағы "Total" компаниясында жұмыс істейтін мұнайшылар басшылардың "5 күн оқшауда жату керек" деген талабына қарсы шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.

Себебі оқшаудағы бес күн жұмысшылардың вахталық демалыс күні ретінде есептеледі екен. Сондықтан мұнайшылар жұмыс алдындағы оқшаулауды және 14 күндік вахталық жұмысты қайтаруды сұрайды.

Айтуларынша, былтыр мамыр айынан бері олар 28 күндік жұмысқа 5 күн оқшаулаумен келіскен. Ал жаңа қаулы бойынша вахта қызметкерлеріне оқшауда жату көрсетілмесе де, компания мәжбүрлеп отыр дейді.

Облыстық еңбек инспекциясы болса, "Total" компаниясының қызметкерлерінен арыз түспегенін айтады. Сондай-ақ еңбек инспекциясы вахталық әдіспен істелетін жұмыс күні қызметкерлер мен компания арасындағы ортақ шешіммен белгіленуі тиіс деп отыр. 

“Ол бойынша шұғыл түрде компания басшыларымен кездестік. Олардың қызметкерлерінің қойып отырған талаптарын анықтадық. Бұл мәселе бойынша зерделеу керек, тексеру керек. Изоляция жөнінде, басқа жөнінде мен сізге нақты жауап бере алмаймын. Оған арнайы санитарлық эпидемиологиялық департамент араласуы тиіс. Сондықтан қызметкерлерге ол жөнінде түсіндірілген болатын”, – деді Маңғыстау облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нұралы Баулыбаев.

Талқылау