"Басшыларға қомақты сыйақы, жұмысшыларға 20 мың теңге": "Қазақтелеком" қызметкерлері жалақыларын көтеруді талап етті
Видеодан скрин
Маңғыстау облысында "Қазақтелеком" компаниясының бір топ қызметкері компания басшылығына және басқарма төрағасы Бағдат Мусинге видеоүндеу жолдап, жалақыларын көтеруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қызметкерлердің айтуынша, жалақыларының деңгейі қазіргі экономикалық жағдайға сәй емес.
"Қазіргі инфляция жоғары деңгейде, қарапайым жұмысшыларға өз отбасыларын асырау өте қиын. Біздің жалақымыз барлық қажеттілігімізді өтеуге, азық-түлік сатып алуға және коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жетпейді", – дейді қызметкерлер.
Қызметкерлер өздеріне жеткен мәліметке сәйкес, компанияның жоғарғы басшылығы бір реттік төлем ретінде 10 айлық жалақы көлемінде сыйақы алғанын, ал қарапайым мамандарға тек 20 мың теңге ғана төленгенін алға тартты.
“Бұл айқын әділетсіздік және біздің еңбегімізді бағаламаудың айқын көрінісі”, – дейді видеоүндеу авторлары.
Қызметкерлер компания басшылығынан жағдайға назар аударуды және негізгі техникалық және өндірістік жұмыстарды атқаратын мамандардың жалақысын өсіру мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.
"Қазақтелеком" компаниясы қызметкерлердің үндеуіне қатысты мәлімдеме жасады.
"Қазір компаниядағы жағдай тұрақты. Аймақта омбудсмен және кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізілді, осы кездесулер барысында қызметкерлерден түскен барлық өтініштер мен ұсыныстар жан-жақты қаралып, алдағы жұмыста ескеріледі. Мұндай кездесулер компания тарапынан тұрақты түрде ұйымдастырылады", – делінген хабарламада.
Компания кез келген тақырыпта, оның ішінде еңбекақы, мотивация және кәсіби даму мәселелерін талқылауға әрқашан ашық және конструктивті диалогқа дайын екенін атап өтті.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік
Алматының ауруханасында жұмыс істейтін дәрігерлер 160-250 мың теңге алады
Қазақстанда биыл БАҚ өкілдерін марапаттауға 35,2 миллион теңге бөлінген
Ал 2021 жылы журналистерді ынталандыруға тек 14,5 миллион теңге бөлінген