Маңғыстаудағы жұтқа деп бөлінген бюджеттің 700 миллион теңгесі әлі игерілмеген
Маңғыстау облысындағы жұт шаруаларды тығырыққа тіреді. Мұндағы мал бағып отырған азаматтар ауылдың айналасы өлексеге толды деп дабыл қағады. Айтуларынша, жем-шөптің жоқтығынан малдары көтерем болып қалған. Қорадағы төрт түлігіне беретін азық таппай қиналған Маңғыстау ауданының бірнеше ауылындағы шаруалар малдарын жаппай союға мәжбүр екендерін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Маңғыстау шаруаларының жағдайы ушығып бара жатыр. Оған себеп – қуаңшылықтың, жерде шөптің болмауы. Малдарымыз топырақ жеп, әр жерде өлім-жітім саны көбейіп бара жатыр. Қазіргі таңда малдарымызды басын бағып, аман-есен ұстап отырмыз. Бірақ жем-шөптің бағасы қымбат”, – дейді шаруа Әбді-Уәли Игібай.
Маңғыстау ауданындағы шаруалардың кейбірі үкіметтен берілетін бір реттік көмекті толықтай алмағандарын айтады. Олар санаулы малға да жем тауып берудің өзі ауырлап кетті десе, әкімдіктегілердің есебі дайын. Шенеуніктер базалар жасақталып, қыстық мал азығы дайын тұр дейді. Дегенмен, үкіметтің бір реттік көмекке берілген 1 миллиард 900 миллион теңге қаражатының әлі 700 миллион теңгесі игерілмеген. Өйткені базаға тіркелмеген малға қаражат бере алмаймыз деп отыр.
“Есепке алынбай қалған малдарды тіркеу үшін 10 тамыз бен 10 қазан аралығында уақыт берілген, бүгінгі таңда 71 мың 343 мал басы қайта тіркеліп отыр. Осы тіркелген 67 мың аналық мал басына субсидия бөлінуі керек деген үкіметке хат жолданды. Үкімет қаржы министрлігіне тапсырма берген, мәселені қарап жатыр”, – деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсағали Нұғманов.