Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы өртенген мұнай-газ кен орны: Мәжіліс депутаты аталмыш компанияны тексеріп, лицензиясынан айыруды сұрады

Мәжілі депутаты Еділ Жаңбыршиннің Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловқа еліміздің мұнай саласында шешілмеген жүйелі проблемалар туралы депутаттық сауал жолдады. Онда 9 маусымда тұтанған өрт әлі өшірілмегеніне тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Еділ Жаңбыршин "Бозашы-нефть" компаниясына тиесілі "Қаратұрын" кен орнындағы өрт әлі сөндірілмеді деп дабыл қақты. Сөзінше 18 күннен бері жанған мұнай-газ қоршаған ортаны ластап жатыр. 

“Әлі күнге шейін апатқа жұмылдырылған мамандандырылған "Ақберен" мекемесі алауды сөндіре алмай жатыр. Кезінде бұл мекеме жекешелендірілді. Сонда оның тиімділігі, әлеуеті, кәсіптік деңгейі төмен бе, қауқарсыз ба? Бизнес жақсы жұмыс істейді деген қағидат қайда? Екінші мәселе - кен орынды игеруші "Бозашы-нефть" компаниясы. Бізде бар ақпарат бойынша бұл компания заңды белшесінен басып, кен орнында техникалық қауіпсіздікті сақтамай келген. Жұмысшылардың жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайлары тиісті деңгейде емес, арнайы киімдер мен қорғану жабдықтары дұрыс берілмейді, техникалық қауіпсіздік қызметі кен орнында жұмыс істемейді. Өздерінің құқықтарын заң жүзінде талап еткен жергілікті жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберіп, басқа өңірден жұмысқа адамдарды қабылдаған. Инсайдерлік ақпарат бойынша компания кейбір ұңғылардан заңдастырмай мұнай шығарып отыр. Яғни 21 ғасырда "Бозашы-нефть" компаниясы жабайы капитализм әдісімен жұмыс істеп отыр. Лондонда тұрып жатқан қожайынына тек қана пайда керек. Мемлекет басшысының мұнай-газ саласындағы кемшіліктерді реттеуге, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қатаң сақтауға қатысты тапсырмалары неге орындалмайды? Мұнай компаниясының жұмысын қадағалайтын және бақылайтын құзырлы органдар осы күнге дейін ай қарап келген бе? Жергілікті прокуратура не істеп отыр? Мұндай жағдай тек "Бозашы-нефть" компаниясында орын алып отырмағаны анық. Яғни, еліміздің мұнай саласында шешілмеген жүйелі проблемалар бар", - деді Еділ Жаңбыршин.

Сондай-ақ депутат елдегі жекеменшік мұнай компанияларына, әсіресе "Бозашы-нефть" ЖШС-не кешенді тексеру жүргізіп, Еңбек Кодексінің талаптарының орындалуы, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің заңнамаға сәйкестігін қарауды сұрады.

"Қаратұрындағы апаттың өңірдің экожүйесіне тигізген зардабы толықтай анықталсын және "Бозашы-нефть" компаниясынан төленетін экологиялық төлемдер кен орны орналасқан Маңғыстау ауданының табиғи ортасын жақсартуға жұмсалсын. "Бозашы-нефть" компаниясы "Қаратұрын" мұнай кен орнында заңсыз мұнай шығарып, сатқаны анықталса компаниямен жасалынған келісімшарт бұзылып, кен орын мемлекет меншігіне қайтарылсын. Бұл компанияны барлық лицензиясынан айыру керек", - деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында "Бузачи Нефть" ЖШС-нің "Оңтүстік Қаратұрын" мұнай-газ кен орнында №303 ұңғымаларды бұрғылау кезінде газ-су қоспасы бөлініп, өрт шыққанын жазған едік. 

Олжас Нұржақып
Сейсенбі, 27 Маусым, 2023 13:46
Талқылау