Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда газ бағасына байланысты халық наразылыққа шығуы мүмкін бе: Облыс әкімі жауап берді

Фото: ОКҚ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай газ бағасының қымбаттауы мүмкін деген әңгімелер мен жаңа Салық кодексі төңірегіндегі талқылауларға қарамастан, өңір халқында наразы көңіл күй жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі қаңтар айында халық арасында толқулар болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.

"Мен ешқандай алғышарт көріп тұрған жоқпын", – деді Нұрдәулет Қилыбай. 

Сондай-ақ ол 2022 жылы Ақтау қаласының әкімі қызметін атқарғанын және Қаңтар оқиғаларын өз көзімен көріп, тікелей бақылағанын еске салды.


Қазақстанда сұйытылған газдың көтерме бағасы 2026 жылғы шілде айына дейін бекітілді

"Табысымның 25%-ы кетеді": Нұрдәулет Қилыбай некесіз туған баласына алимент төлейтінін мойындады


Өңір басшысының айтуынша, газ бағасына қатысты жағдай тұрақты және толық бақылауда.

"Газ құнына келсек, энергетика министрлігі қазір мұндай күрт өзгерістерге бармайды. Яғни, инфляция деңгейіне сай аздап көтерілуі мүмкін. Қалай болғанда да, баға күрт шарықтамайды, бәрі ақылға қонымды шеңберде болады", – деді әкім.

Сондай-ақ облыс әкімі газ өңдеу зауытындағы жабдықтарды жаңарту мәселесінің әлі де өзекті екенін атап өтті.

Журналистердің газ бағасының өсуіне байланысты халық наразылығы туралы тағы бір сұрағына Нұрдәулет Қилыбай мұндай қауіпте көріп тұрмағанын айтып, жауап берді.

"Уақыт көрсетеді, бірақ бір нәрсені нық айта аламын: қазір халық тарапынан мұндай әрекеттерге итермелейтін ешқандай алғышарт жоқ. Мен қауіп көріп тұрған жоқпын", – деді облыс әкімі.

Еске салсақ, бұған дейін Жаңаөзенде мұнайшылар еңбек құқығы бұзылғанын айтып, ереуілге шыққаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 20:37