Маңғыстауда 30 пайыз ғана мал қалды - Алмасбек Садырбаев
Коррупциямен күрес талданған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар талан-таражға түскеніне тағы да тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Кейінге екі жылда мемлекет агроөнеркәсіпке 2 триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде бұл салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті. Азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда жайылымдылық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай мал қырылып қалды. Әр кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасын еселеп көрсеткен. Бұл уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беру керек”, – деді Тоқаев.
Мәселеге орай қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Qazaqstan арнасына сұхбат берді. Ол субсидияға бөлінетін ақшаның қалай жемқорлық жолымен ұрланатынын айтты.
“Сіз бен малшы мен ондай құжаттарды жасай алмаймыз. Жалпы халыққа керек емес, бір дөкейлерге керек схема сызылады. Содан кейін қуыршақ шаруашылық құрады. Сонымен кабинетте отырғандар бір-бірімен сыбайласып, нағыз жемқорлыққа жол береді. Бірақ сонда да қарақұрым қазақ оған да жетсек деп мыңдаған, он мыңдаған тізімде тұрады. Шаруалар таңертеңнен кешке дейін компьютерді күзетіп отырады. Қашан МСҚ-дағы біреу батырманы басады да, порталды ашады деп. Қашан соған өтініш тастай аламыз деп күтіп отырады. Алайда портал ашылмайды. Түнгі сағат 2-3-те өзінің адамдарына “осындай уақытта ашылады” деп хабарласады. Сағат екіде шаршаған шаруалар не істейді, ұйықтайды. Сол кезде ашып қояды”, – дейді ол.
Оның айтуынша, министрлікке үкімет басшылары “ұсақ шаруаларға жағдай жасаңдар деп” тапсырма береді.
“Міне, бүгін мені қатыстырмай, мен сияқты қарапайым оларға қарсы сөйлейтін шаруаларды қатыстырмай заңды қабылдап жатыр. Мен жұмыс тобында бармын. Маған ZOOM-ның сілтемесін бермей, өздері отырып алып тон пішіп жатыр. Президенттің тапсырмасын аяқпен таптау деген осы.
Қуаңшылық, жұттың алдын алу үшін жаңа заманауи суармалы технологияларды енгізу керек. Суармалы пивод дегендер бар соны алып келу керек деп жауласып жүріп енгіздік. Енді соңғы жобасында былай жазып жіберіпті. “Иә, суармалы технологияларды енгізу керек, бірақ оны жасау үшін шаруада кемінде 200 гектар жер болу керек”. Яғни біздің Түркістандағы 3 гектар, 5 тектар, 15 гектар, 50 гектар, 100 гектар аумағы бар шаруаларды шеттетіп отыр”, – дейді Садырбаев.
Шаруа президенттің шаруашылық бағдарлама дегенді қойыңдар, қазір тұжырымдама одан кейін концепцияларды бекітіңіздер, сонымен қимылдайық деген сөзін еске салды.
“Сол концепцияның соңғы нұсқасын қарасам “су” деген сөз жоқ. Анаған анандай береміз, шошқаға түгенбай береміз деген сөз ғана. Құс фабрикасын ұстаған байлар бес-алтау ғана, соларға бәленбай береміз делінген. Ал мынау заманауи суари жүйелері деген әңгіме жоқ. Кіргізген күннің өзінде 200 гектардан жоғары делінген.
Ресми дерекке сүйенсек, Маңғыстау облысында 3400 мал өліпті. Ал шаруалар Маңғыстауда 30 пайыз ғана мал қалғанын айтып отыр. Мен айтқанмын 30 пайызға мал азаяды деп. Керісінше мен қателесіппін. 70 пайызға мал азайды, 30-ы ғана қалды. Алып кететін байлар, алып кетіп үлгерді. Ал қалған қарапайым қазақтың малы өліп жатыр. Әлихан Асқанұлына жетіп, Ералы Тоғжанұлына тапсырып, қолдан кебек жасатты. Соның арқасында 30 пайыз мал аман қалды. Механизм жасалған жоқ. Бірақ оның шешімі қарапайым. Үйімізді алып қарайықшы, астық толып тұрса мал аш бола ма? Қазақстан деген үйімізде 8 миллион тонна астық сыртқа кетеді. Малымыз аштан өліп жатыр, 1 миллион тонна ғана астықты Қазақстанда қалдырады. Егер бәрін қалдырса бүкіл қазақтың малы аштан өлмес еді. Ауыл шаруашылығына 300 миллиард теңге ақша береді. Бірақ оны нан өсірсін де, қазаққа нан арзан болсын деп береді. Әлемде бірде бір мемлекет субсидияны сыртқа шығармайды. Ал біз қазаққа арзан болсын деген бидайды аламыз да, өзбекке ауғанға, иранға беріп жатырмыз. Бұл деген түбегейлі дұрыс емес саясат”, – дейді Алмасбек Садырбаев.