Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улануы: Кәсіпкер әйел сотталды

Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануы дерегі бойынша мектеп асханасының қызметкері сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мұнайлы аудандық соты 2024 жылдың күзінде Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылында мектеп асханасында болған балалардың жаппай улануы бойынша қылмыстық істі қарады. 

Соттың мәліметінше, айыпталушы қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсеткен жеке кәсіпкер бола отырып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзған. Соның салдарынан мектеп асханасында 182 оқушы уланған.

Прокурор соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ үш жыл мерзімге қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.


“Ұят нәрсе”: Тоқаев балалардың тамақтан улану мәселесін көтерді

Маңғыстауда 460 баланы уландырған мектеп асханасының қызметкерлеріне айыппұл салынды


Кәсіпкердің кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, оқиға орнын қарау нәтижелерімен, беттестіру хаттамаларымен, куәгерлер мен жәбірленушілердің жауаптарымен және іс бойынша өзге де материалдармен толық дәлелденген.

Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 3,5 жыл мерзімге қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Еске салсақ, 2024 жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалған еді. Деректерге сенсек, мектеп асханасына барған 1-4-сынып оқушылары зардап шеккен. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Сәуір, 2025 21:23
Талқылау