Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысындағы МАЭК-те тағы апат болды

Маңғыстау атом электр станциясында (МАЭК) апат орын алып, салдарынан үшінші энергоблок өшіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

фото: primeminister.kz

 Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды. Атырау электр орталығында тұтынушылық – 45 МВт-қа, кейіннен Маңғыстау электр орталығында 98 МВт-қа ажыратылды.

МАЭК-ке қатысы бар азаматтар қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, электр қуатын қалпына келтірудің нақты уақыты әлі белгісіз екенін айтты.

"Автоматтандырудың жүйелі жұмысы желі мен инфрақұрылым объектілеріне ауыр зардаптар келтірмеуге ықпал етті. 1-ші санатты тұтынушылардың, өмірлік маңызды нысандардың, соның ішінде ауруханалардың жұмысы зардап шеккен жоқ", - деп жазды KEGOC компаниясынан.

Кейін, сағат 16:30-да жаңа апат орын алған. Жүктеме 147 МВт-қа төмендеген соң, МАЭК ЖЭО-дағы 3-блок өшірілді. Бұл Атырау энергетикалық орталығында электр энергиясын тұтынуды 55 МВт-қа және Маңғыстау энерготорлығында 35 МВт-қа шектеуге алып келді. Соның салдарынан 220 кВ Орал-Атырау-Маңғыстау транзитіне қайта жүктеліп, сағат 16:35-те апаттық автоматтан 2540-линия сөндірілді. Осы себептен Атырау және Маңғыстау энергетикалық орталықтары оқшауланған жұмысқа бөлінді, сонымен қатар Қаламқас ГТЭС пен Орал ГТЭС-200 жұмысы да тоқтаған (генерацияның 116 МВт-қа төмендеуі). Сағат 16:58-де Атырау және Маңғыстау энергия орталықтарының жұмысы қалпына келтірілді.

 Компания өкілдерінің мәліметінше, жағдай "KEGOK" АҚ батыс өңірлік диспетчерлік орталығының нұсқауына сәйкес Маңғыстау облысында электр энергиясына енгізілген шектеулерге байланысты. Осының салдарынан кейбір тұтынушыларға шектеулер қойылды.

 Ақтау тұрғындары электр қуатына қатысты қиындықтарға шағымданып отыр.

Еске салайық, 3 шілдеде сыртқы желілерден электр қуатының үзілуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғылары апатты жағдайда тоқтаған болатын. Сол күні кешке зауыттың электр қуатын беруі толығымен үзілді. Бұған МАЭК-тегі апат себеп болды. Кейін үкімет "МАЭК" ЖШС, Атырау мұнай өңдеу зауыты, "KEGOC" компанияларының бірқатар басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік шара қолдануға уәде берді.

 


 

Талқылау