Маңғыстау облысындағы аққулардың жаппай қырылуына не себеп болғаны анықталды
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 601 аққудың қырылғанын растады. Құстардың жаппай қырылуына құс тұмауы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Маңғыстау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы
Маңғыстаудағы Қаракөл көлінде құстардың жаппай қырылу себептерін анықтау үшін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитологтері зерттеу жүргізетіні белгілі болып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатовтың айтуынша, Қаракөл көлінде қырылған аққулардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңартылып жатыр.
"2023 жылғы 21 желтоқсанда Қаракөл көлінде аққулардың өлімі туралы алғашқы хабарлама келіп түсті. Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты ұлттық референттік орталықтың мамандарымен, микробиология және вирусология институтының сарапшыларымен байланысқа шықтық. Олар тексеру жүргізу мақсатында өлген аққулардан сынама алу үшін мамандар жіберді. Қазіргі уақытта, 2024 жылдың 6 қаңтарындағы жағдай бойынша, біз 601 аққудың өлімін тіркедік. Өлген аққулардың 90 пайыздан астамы – жас аққулар. Қосымша зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының оринтологтерін күтеміз", –деді Ғаббас Досатов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин бастапқы талдаулар нәтижесі аққулардың құс тұмауын жұқтыру себебінен өлуі мүмкін екенін атады.
"Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штаммы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді. Өткен жылы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіп төнген аймақта алты мың бас құс вакциналанды. Облыста барлығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан құстарды егуден бас тартты", – деді Темірбек Нұртазин.
Ол облыстың ветеринариялық қызметтерінің күшімен жеке қосалқы шаруашылықтардағы үй құстары арасындағы эпизоотиялық жағдайға күнделікті негізде мониторинг жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ал облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құстардың жаппай қырылуына қатысты орын алған жағдай, оның таралу себептеріне байланысты көптеген сұрақтар туындатып отырғанын, бұл жағдай егжей-тегжейлі тергеуді талап ететінін атады.
"Экологтар мен білікті мамандар мәселенің мән-жайын бірге анықтап, мұның одан әрі таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауы керек. Орнитологтар құстардың тамақтануы туралы нақты ұсыныстар беруі керек. Кейбір сарапшылар аққуларды тамақтандыру қолдаса, ал басқалары, керісінше, қауіп деп санайды. Асығыс қорытынды жасауға болмайды, алдымен анықтау керек", – деді Нұрлан Ноғаев.
Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов өңір тұрғындары мен қонақтарын аққуларды азықтандыру ойынан бас тартуға шақырды.
"Біз өңіріміздің табиғатын сақтауға белсенді қатысқаны үшін халыққа алғыс айтамыз. Алайда, осы мәселеге барынша саналы түрде қарауыңызды сұраймыз. Қаракөл көлі-таяз, бұл жағдайда азықтандыру бүкіл экожүйе үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар, Аққулар тек құрғақ астықпен қоректенбейді, олар су асты өсімдіктерімен қоректенеді", – деді Жасқайрат Нұрмұхамбетов.
Ақтау қаласының іргесіндегі Қаракөл көлі Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындарының біріне жатады. Бұл мекен ондаған мың құстардың қыста қонақтайтын орны болып саналады.
Мұнда бір жыл ішінде Қаракөл көліне қоныс аударатын құстардың 80-нен астам түрі, соның ішінде аққулар мен бүркіттер келеді. Бұл сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді.