"Ескі үйде 19 адам тұрған": Маңғыстау облысында жастар тұрмысы төмен екі отбасыға баспана сыйлады
Маңғыстау облысында Қарақиян ауданы, Құрық ауылының жас тұрғындары Рамазан айында тұрмысы төмен екі отбасына пәтер сыйлады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы аудан әкімдігі мен Қоғамдық коммуникациялар орталығы мәлімдеді.
Бұл ауыл жастарының бірінші қайырымдылық шарасы емес. Олар бұған дейін де мұқтаж жандарға көмектескен.
Солардың бірі Аппақ ауылында тұратын Теңел Шәбілұлының отбасы. Бұл жанұяда зейнеткерлер мен мүгедек балалар бар. Олар ескі үйде 19 адам болып тұруға мәжбүр болған. Отбасының жағдайын ескерген ауыл жастары Құрық ауылынан үш бөлмелі пәтер сыйлады.
Тағы бір пәтердің иесі үш балалы жалғызбасты ана Гүлзия Батырбаева. Бұған дейін пәтерде жалдаған ана өз баспанасының қоныс тойы болатынын білгенде қуаныштан көз жасын тыя алмады.
Сонымен қатар, ауыл жастары Құрық ауылының тұрғыны Мұрадым Увашовқа қажылық куәлігік табыс етті.
“Жетімін жылатпай, жесірге қамқор болған ата-бабамыздың салт-дәстүрі бүгінгі жастарға үлгі. Олардың жасаған жақсылығы жүз еселеп қайтсын. Оразада ойлаған тілектері орындалсын”, – деді ауыл тұрғыны Несібелі Түлкібайқызы.
Салтанатты шара гір көтеру және қол күресінен спорттық жарыстармен аяқталды. Ораза ұстағандарға да дастархан жайылды.