Маңғыстау облысында тағы бір сарбаз көз жұмды: Бұл бір жарым айдағы төртінші өлім
Фото: istockphoto.com
Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметкер қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, жазатайым оқиға 7 қазанда болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау себеп болған. Полиция органдары қылмыстық іс қозғады, қосымша қызметтік тергеу жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", – делінген хабарламада.
2025 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қазақстанның бірнеше өңірінде әскер қатарында жүрген сарбаздарға қатысты бірқатар қайғылы жағдайлар тіркелді.
17 қыркүйекте Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбектің денесі табылды. Ресми нұсқада ол өзіне қол жұмсаған делінгенімен, туыстары бұл дерекке сенбейді. Анасының айтуынша, ұлының қолы байлаулы күйі табылған. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
23 қыркүйекте Жетісу облысындағы “Алажиде” полигонында жауынгерлік дайындық сабағы кезінде сарбаз оқ жарақатынан қаза тапты. Ресми мәлімет бойынша, ол қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан көз жұмған. Бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
30 қыркүйекте Маңғыстау облысында 19 жастағы сарбаз Нұргелді Байыш психиатриялық клиникаға түсті. Ол әскерге сау күйінде барған, алайда бес айдан кейін “тұлғаның бұзылысы” диагнозымен оралған.
4 қазанда Алматыда әскери форма киген сарбаз үшінші қабаттан секіріп кетіп, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оған “бейімделу бұзылысы” деген диагноз қойды.
5 қазанда Алматы облысында Шекара қызметінің сарбазы Нұрасыл Ануар қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, өлім себебі – менингококцемия. Алайда туыстары бұл диагнозға күмән келтіріп, істің бұрмаланғанын айтады.
Сондай-ақ сәуір айында Маңғыстау облысында әскерге шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров бірнеше айдан кейін психикалық орталыққа түсті. Анасының айтуынша, ол бөлімшеде әлімжеттік көріп, өзіне қол салуға әрекет жасаған. Кейін дәл осы әскери бөлімнен тағы жеті сарбаз психикалық ауруханаға жеткізілген. Үшеуі емделіп жатса, төртеуі үйлеріне қайтарылған.
Осылайша, 1,5 айда Маңғыстау, Алматы және Жетісу өңірлерінде кемінде 3 сарбаз қаза тауып, 8-ден астам сарбаз психикалық ауруханаларға жеткізілді. Ресми нұсқалар әртүрлі болғанымен, қоғамда әскердегі әлімжеттік пен сарбаздардың психологиялық күйіне байланысты алаңдаушылық күшейіп отыр.
Қазақстанда әскерге шақырылушылар енді әскери бөлімді таңдай алады
Жетісу облысында сарбаз оққа ұшып, көз жұмды
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әскери қызметкерлерге психологиялық көмек көрсететін Telegram-бот іске қосылғанын жазған едік. Қорғаныс министрлігінде өткен жиында әскерилер мен олардың отбасыларына психологиялық қолдаудың маңызы атап өтілді. Кездесуде моральдық рухты нығайту мен жауынгерлік даярлықты қамтамасыз етуде мұндай қолдаудың рөлі ерекше екені айтылды. Сондай-ақ инновациялық шешім ретінде AI-sulu атты цифрлық кеңесші таныстырылды. Ол қиын сәттерде алғашқы психологиялық көмек көрсетіп, қажет ресурстарға бағыттай алады. Құрал қазақ және орыс тілдерінде, тәулік бойы және анонимді түрде қолжетімді.

"Финалда секеңдеп, секіріп дұрыс емес үлгі көрсетемін бе деп қорықтым. Маған шоу көрсет деді..." – Айдос Сұлтанғали
