Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында мектеп асханасында тамақтан уланған балалардың ата-анасы өтемақы талап етті

Фото: сюжет кадрларынан және Lada.kz коллаж

Маңғыстау облысында мектеп асханасындағы астан уланған балалардың ата-аналары материалдық шығынды өтеп беруді талап етті. Тұрғындар судьяның тек 22 жәбірленушіге өтемақы өндіруді міндеттегені әділетсіз деп балаларының еміне жұмсалған қаражатты кәсіпкер толық берсін деген талап қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Былтыр қыркүйекте Бесшоқы ауылында төрт жүзден астам оқушы жаппай тамақтан уланған оқиғаға байланысты сот процессі өтті.

“Улану кезінде ауырды. Әл күнге дейін ауырады, иіс жақпайды дейді. Үкімнің шыққанына көңіліміз толмай тұр. Үкім жеңіл-желпі болып шығып жатыр. Барлық уланған балалардың ата-аналарына өтемақы теңдей болу керек. Берген мерзімі де жеңіл болып тұр ғой. 1 жыл деген аз мерзім”, – деді Бесшоқы ауылының тұрғыны Бақыт Османова.

Тексеріс барысында асханадағы азық-түлік пен ыдыс-аяқтан стафилококк бактериялары табылды. Ал оқушыларға ас дайындайтын қызметкерлердің жалған медициналық құжатпен жұмыс істегені де белгілі болды. Мектеп асханасында санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтамады деген айыппен кәсіпкер бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ сотталушы үкіммен келіспей аппеляциялық шағым түсіріпті. 



“Үкіммен өндірілген азаматтар өзіне келтірілген шығынды, яғни келтірілген материалдық шығынды нақты дәлелдеген, құжаттар ұсынған. Сондықтан сот үкімінде олардың талап-тілектері қанағаттандырылған. Қалған ата-аналар жауапкердің тұрғылықты жері бойынша азаматтық тәртіпте талап қою арқылы сотқа жүгіне алады”, – деді Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.

Еске салсақ, 2024 жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалған еді. Деректерге сенсек, мектеп асханасына барған 1-4-сынып оқушылары зардап шеккен. Кейін кәсіпкер әйел сотталды.

STAN.KZ
Сенбі, 17 Мамыр, 2025 09:45
Талқылау