Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында қырылған аққу саны мыңға жуықтады

Маңғыстау облысындағы қырылған аққу саны 1000-ға жуықтады. Құстардың өлексесі енді Қаракөл көлінен бөлек, өзге аудандардағы теңіз жағалауынан табылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арансына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен Қарақия ауданындағы Құрық ауылынан 20 аққудың өлексесі табылды.

Қарақия ауданында өлген аққуларды зерттеу мақсатында Маңғыстау облыстық зертхана-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары Каспий теңізінен сынама алды. Экологтар суда ластаушы заттардың бар-жоғын анықтауға тиіс. Себебі теңізге тұрмыстық қатты қалдық, қоқыс немесе мұнай-химия заттары төгілсе, ол тек құс емес, басқа да су жануарларының қырылуына әкеліп соғуы мүмкін.

Табиғат қорғаушылар аққулардың қырылу дерегі Қарақиядан бөлек Түпқараған ауданының теңіз жағалауында кездесуі мүмкін дейді. Сондықтан ветеринарлар жағалауды күніне екі рет бақылап отыр. Ал аққу өлекселерін өртеп жатыр. Себебі құс тұмауы үй құстарына жұғуы мүмкін деген күдік бар. Тіпті тұрғындарға теңіз жағасына келуге тыйым салынды.


Экология министрлігінің экс-қызметкері аққулардың өлімінен кейін Rixos қонақ үйіне қатысты мәлімдеме жасады


"Құрық ауылынында теңіз жағалауынан табылған құстар, сонымен бірге Түпқараған ауданының теңіз жағалауынан шығуы мүмкін. Басқа жерден де шығуы мүмкін. Егер ондай болса, жергілікті атқарушы орган ветериналарына хабарланып, тиісті орындар оларды ветеринария талабына сай утилизациялауы керек”, – дейді Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының инспекторы Мұңалбай Сансызбаев.

Айта кетейік, бұған дейін желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтың төгіліп жатқаны көрсетілген кадрлар жарияланған. Осыдан кейін Қаракөлге таза емес қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды. Ал Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев ағынды судың Қаракөлге төгілгенін растады. 

21 желтоқсаннан бері үш апта бойы Қаракөлде аққулар жаппай қырылған. Олардың саны қазір 870 болды. Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы "аққулар құс тұмауынан өлген" болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар "құстар жем таппай суықта қырылған" деген тұжырым жасаған. Егер Қаракөлде аққулардың қырылуына қонақүй кінәлі екені расталса, оған айыппұл салынуы мүмкін.

Rixos Water World Aktau қонақүйі — Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен. Нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.

Талқылау