Маңғыстау облысында фельдшер су порты арқылы шекарадан өтетіндерге қолдан ПТР-тест жасаған
Маңғыстау облысының "Құрық" теңіз порты арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ПТР-тестерді қолдан жасап, сатып келген тұрғындар ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
"ІІМ Тергеу департаментінің әскери-тергеу басқармасы Маңғыстау облысының "Құрық" теңіз порты арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ПТР-тестілерді қолдан жасап, сатумен айналысқан тұрғындардың әрекетін әшкереледі. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында бір топ адам, оның ішінде осы теңіз портының фельдшері ұзақ уақыт бойы ПТР-тестерді қолдан жасап, қазақстандықтарға және шетел азаматтарына сатып отырған", – деді ведомстовның ресми өкілі.
Оның айтуынша, 21 жастағы порт фельдшері Қазақстан аумағына шығатын және кіретін жолаушылар үшін ПТР-тестілерді қолдан жасап, сыбайластары арқылы сатқан. Жалған тестілердің бағасы 3 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін құбылып отырған.
"Тұрғылықты жері бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде күдіктіден сатуға дайын 48 жалған ПТР-тест, ноутбук, принтер және тиісті құжаттар дайындауға қажет басқа да техникасы тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның барысында тергеу күдіктілердің қылмыстық іс-әрекетінің нақты ауқымы және мемлекеттік шекарадан заңсыз өткен адамдардың саны анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігі жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады", – деді Нұрділдә Ораз.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
