Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда егіздерді туудан алдына жан салмайтын ауыл белгілі болды

Еліміз егіздерді дүниеге әкелуден әлем бойынша 48-ші орында екен. Бұл ретте Қызылорданың келіндері жарап тұр. Егіздерді көп туатын аймақ осы. Алайда ғалымдар Сыр өңірінің сырын әлі де анықтай алар емес. Бірі таза табиғаттан, өзгесі киелі топырақтан көреді. Дегенмен үлкендер сөйтіп екі ойлы жүргенде, елде егіздерді туудан алдына жан салмайтын тағы бір өңір белгілі болды. Бұл жолы батыста, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы Үштаған ауылындағы Егіздер көшесінде бір емес, екі емес, бірден жеті жұп егіз тұрады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Бұл енді Алланың берген сыйы шығар бізге. Тұқымымызда бар. Ауылымыз да таза ауа, нәрлі, құнарлы. Сондықтан ауылымызда егіздер көп деп ойлаймын", - деді егіздердің анасы Бибігүл Аманқұсова.

Бибігүл күйеуі екеуі әулеттерінде бұған дейін де егіздер болғасын, Тәңірдің бұл сыйына қатты таңғалмапты.

"Енді басқа ауылдарда мысалы егіздер бірен-саран, азғантайдан ғана. Ары кетсе 3-4. Біздің ауылда енді 30-дан жоғары. Бізге дейін де қанша егіз болған. Олар бізге енді беймәлім", - деді егіздің сыңары Бексұлтан Нұрмұқанов.

Бексұлтанның Нұрсұлтан деген ағасы, Гүлмира мен Гүлзира есімді екі әпкесі бар. Иә, бұл отбасыда бірден екі егіз.

"Кейбір мұғалімдер айыра алмай жатады. Сол кезде атымызды сұрайды. Гүлмирасың ба сен, Гүлзирасың ба сен деп. Бағамызды ауыстырып қойып", - деді егіздің сыңары Гүлмира Назарова.

Үйде де, түзде де, қысы-жазы, күзде де, бір парта, бір аудиторияда отырып, бір мұғалімнен тәлім алған егіз қыздардың жолы тек биыл ғана бөлінді. Бірі тұрмысқа шығып ауылда қалса, өзгесі қалаға жұмыс істеуге кеткен.  Енді күні бойы телефон арқылы сөйлесіп тұрады.

Қызығы, бұл әулетте бес бала. Яғни, ағалы-әпкелі қос егізден соң, дүниеге тағы бір қыз бала келген. Енді әке-шешесіне "менің сыңарым қайда?" деп ренжиді екен.   

"Кішкентай кезінде айтатын еді енді. Бастауыш оқып жүргенде менің сыңарым қайда деп. Маған сөй деп айтады да, сенің сыңарың мен ғой десем, жоқ сенің сыңарың әкем ғой дейді", - егіздердің анасы Жаңагүл Нұрсебекова.

Бұл әулетте егіздер әр жарты ғасыр сайын туады екен. Атасының, кейін әкесінің, енді балаларының да егізі бар. Ал жұптары жазылмаған жандардың бірі ауырып қалса, екіншісі сол күйге түседі, бір-бірін етене сезетіндері әуелден белгілі.   

"Кішкентай кезде енді бірге жүрдік қой. Бірге киіндік. Қазір есейдік. Университетте оқимыз. Мамандықтарымыз әр түрлі. Бексұлтандікі мұғалім болса, менікі тау-кен ісіндегі өндірістік бағыт. Бексұлтанды алатын болсақ, сабақты жақсы оқиды. Ал мен сабақты қатты қызығып оқымаймын шыны керек", - деді егіздің сыңары Нұрсұлтан Нұрмұқанов. 

Осы ретте, үлкендер 2000-ға жуық тұрғыны бар шағын ауылды өзгеден ерек қылатыны топырағының қасиеті дейді. Жатырды да, тамақты да, тіпті ішіндегі ауаны теңдей бөліскен егіздердің әрқайсысына ырыс-несібе телінген. Ауылдағы әр үйдің берекелі, әр күнінің мерекелі болуы да егіздердің арқасы деп біледі.

Талқылау