Маңғыстау облысында цемент зауытының жұмысшылары наразылыққа шықты
Маңғыстау облысының Шетпе ауылында цемент зауытының 200-ге жуық жұмысшысы екі күннен бері наразылық білдіруде. Олар жалақыны 60 пайызға көтерсін деп талап қойып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Азық-түлік қымбаттап, тіпті өздері өндірген құрылыс материалының құны өссе де, еңбекақы өзгеріссіз қалған. Зауыт басшылығы заңгерлер жалақыға қатысты жаңа келісімшарт жасап жатқанын айтады.
“Жалақыны көбейтуді талап етеміз!” – дейді жұмысшылар.
Цемент зауытының механик, инженер, электрик, машинист, көлік жүргізуші сынды 200-ге жуық жұмысшысы екі күннен бері басшыларынан жалақыны көтеруді сұрап осылай ереуілдетіп тұр. Наразылар ысқырған жел, қақаған суықты да елемейді. Бастысы айлықты 60 пайызға көтерсе болды деп отыр.
"Азық-түлік күннен-күнге өссе де, жалақы әлі күнге дейін көтерілген емес", - дейді олар.
“Азық-түліктің бағасын көріп отырсыздар. Барлық нәрсенің бағасы көтеріліп кетті. Жұмыртқа, тамақ, май, ұн бағасы шарықтап тұр, киімді айтай-ақ қояйын. Қымбатшылық тоқтамайды. Күннен-күнге бағасы өсіп жатыр. Сол үшін бейбіт митингке шықтық. Біз қауіпті аймақта жұмыс істеп жатырмыз. Цемент пеште қайнайды. Таулы аймақтарға жүк апарамыз”, – дейді зауыт жұмысшысы Асылбек Озғанов.
Жұмыстың қиындығы былай тұрсын, тіпті зияны жоғары жерде жұмыс істегенімізге де жарытып төлемейді дейді наразылар. Жұмысшылар зауыт басшылығына бір жарым ай бұрын хат жазған екен. Бірақ қанша айтып шырылдасақ, тыңдар құлақ табылмай тұр деп ашынады.
“Алдында біз Алматыдағы құрылтайшыға "Хейделберг цемент" компаниясының басшысына В.Халатқа хат жазғанбыз. Онда да жалақымызды 30-35 пайызға көтеруді сұрадық. Ол біздің талабымызға ешқандай мән берген жоқ. Оның орнына келіп, жұмыстан шығарамын, деп кетіп қалды. Жалақы 200 мыңнан асады деп ақпарат бепеді. Шын мәнінде олай емес. 80 мыңнан басталады, ары қарай жұмысшылардыкі 200 мыңға жетпейді”, – дейді жұмысшы Самат Айтбаев.
Ал зауыт басшылығы қызметкерлеріне жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсындық дейді. Оның біреуі барлығының айлығына бірдей 48 мың теңге қосу болса, екіншісі 26 мың мен 56 мың аралығында көбейтуді көздеген. Біреуін қабылдап бір шешімге келген соң, келер жылдың жоспарына қоспақ.
“Жалпы қызметкерлерімізге жалақы көтеру бойынша екі нұсқа ұсындық. Соның біреуіне тоқталамыз. 2022 жылдың бюджетіне қосымша 150 млн теңге қарастырдық. Бұл сома еңбекақыны көтеруге бағытталады. Жаңа жылдан бастап жұмысшыларымыз ең аз дегенде 193 мың теңге жалақы алады деп жоспарлап отырмыз”, – дейді "Каспий цемент" ЖШС бас директоры Иван Пак.
Зауыт басшылығы жалақыны бұдан артық көтере алмайтынын айтып отыр. Қазір мекеменің заңгерлері арнайы келісімшарт жасақтап жатыр екен. Құжат дайын болған соң, жұмыс беруші мен жұмысшылар оны өзара талқылап ортақ мәмілеге келуі қажет. Бірақ жаңа ереже 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді ереуілшілердің жаңа жылға дейін күтуден басқа амалы жоқ. Егер уәде орындалмаса, қайта ереуілге шығады.