Қазақстанда мамыргүлді жұлғандарға 216 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

Threads желісінде Қазақстанда мамыргүлдерді (сирень) жұлғандарға айыппұл салынады деген жазбадан кейін кейін қызу талқы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жазба авторы бұталарды зақымдағандарға 200 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертіп, қала тұрғындарын өсімдіктерге ұқыпты қарауға шақырды.
"Алматыда мамыргүл маусымы басталды. Мамыргүлді жұлғандарға қандай айыппұл бар екенін қарап едім, таңғалдым — 200 мың! Сондықтан мамыргүлді қатты жақсы көрсеңіздер, бұталарын сындырмаңыздар: біріншіден, бұл ағашқа зиян, екіншіден, қаржылай шығынға батасыздар", — деп жазды Threads қолданушысы.
Жазба желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Кейбір пікір қалдырушылар ботаникалық тұрғыдан мамыргүлді кесіп тұру қажет екенін айтады.
"Мамыргүлді кесіп, қалыпқа келтіріп отыру керек. Әйтпесе, жаңа гүл шығатын бұтақтарды өсірудің орнына, тұқым беруге күш жұмсайды. Бірақ бізде мұны дұрыс жасай алмайды, жай ғана сындырумен шектеледі. Ал айыппұл туралы айту тіпті күлкілі. Қаладағы жаппай құрылыс мамыргүлдің көбін жойып жіберді", – делінген пікірлердің бірінде.
Кейбір желі қолданушылар айыппұл туралы әңгімелер мамыргүлдерге зақым келтіретіндерді тоқтатады деп үміттенеді. Сонымен қатар мұндай шектеулердің нақты қай жерде қолданылатыны туралы сұрақтар да қойылған.
Айта кетейік, Қазақстанда бұталарды зақымдағандар үшін расымен жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 338-бабына сәйкес, ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен, жойған немесе зақымдаған жеке тұлғаларға 50 АЕК (2026 жылы шамамен 216 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Егер мамыргүл қалалық аумақта аулада, саябақта немесе көше бойында өсіп тұрса, оны сындыруға болмайды. Мұндай әрекет үшін айыппұл салынуы мүмкін. Ал бұта жеке меншік аумақта өсіп тұрса, жағдай басқаша. Бұл жағдайда бұтаның иесі өзі шешім қабылдайды және өтемақы талап етуге құқылы. Тіпті моральдық зиян үшін де өтемақы сұрай алады, оның мөлшері заңмен шектелмеген.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға қызғалдақтарды жұлғаны үшін 13 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатыны туралы жазған едік. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметі бойынша, сирек кездесетін өсімдіктерді жинауға ғана емес, сонымен қатар сақтауға, тасымалдауға және сатуға да тыйым салынады.
"Ит пен мысықты өлтіруге қарсымыз!": Қазақстандықтар қаңғыбас жануарларға эвтаназия жасау туралы заң жобасына қарсы шықты
Оқыңыз