Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

МӘМС-ке төлем жасамайтын азаматтар Қазақстанда тегін ем ала алады

МӘМС-сіз қазақстандықтар тегін ем ала ала маФото: pixabay.com

Елімізде биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен тыс емдеуге 1,63 триллион теңге бөлінді. Бұл қаражаттың арқасында медициналық сақтандыруы жоқ қазақстандықтар да бірқатар медициналық қызметтерді тегін ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Белгілі болғандай, Қазақстанда медициналық көмектің көп бөлігі МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі. Алайда оған қол жеткізу үшін азаматтар сақтандыру жарналарын төлеуі керек. Дегенмен бұл сақтандыруы жоқ адамдар да тегін ем ала алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында түсіндірілгендей, елімізде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) шеңберінде бірқатар қызметтер барлық азаматқа қолжетімді болады. Оған жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінеді.

Мысалы, 2025 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыруға жалпы 2,96 триллион теңге бөлінді. Оның ішінде 1,63 триллион теңге барша азаматқа сақтандыруына қарамастан көрсетілетін тегін көмекке бағытталған.



Қазақстандықтар тегін ала алатын медициналық қызметтер:

  1. жедел медициналық көмек – оның ішінде санитарлық авиацияны шақыру;
  2. бастапқы медициналық-санитарлық көмек – терапевт, педиатр, медбике қабылдауы. Қарапайым ауруларды диагностикалау және емдеу, профилактикалық тексерулер, екпелер, салауатты өмір салтын насихаттау, жүкті және жас аналарды бақылау;
  3. амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған көмек – ВИЧ, туберкулез, созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау және емдеу, жарақат жағдайларында көмек;
  4. стационарды алмастыратын жағдайда көрсетілетін мамандандырылған көмек – созылмалы аурулары бар науқастарды күндізгі стационарда емдеу;
  5. стационарлық жағдайда көрсетілетін мамандандырылған көмек – ауыр және жұқпалы аурулар кезінде шұғыл және жоспарлы ауруханаға жатқызу, қауіпті инфекциямен байланыста болғандарды оқшаулау;
  6. медициналық оңалту – туберкулезбен ауырғандарға арналған;
  7. паллиативтік медициналық көмек – уәкілетті орган бекіткен тізім бойынша жазылмайтын немесе созылмалы аурулар кезінде қолдау көрсету;
  8. қан және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
  9. патологоанатомиялық диагностика – өлім себептерін талдау;
  10. донорды дайындау – трансплантация үшін ағзалар мен тіндерді алу және тасымалдау.

Сонымен қатар қазақстандықтар кейбір санаттар бойынша тегін дәрі-дәрмек алуға құқылы. Алайда толық көлемде қызмет алу үшін міндетті медициналық сақтандыру қажет.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 03 Шілде, 2025 14:57
Талқылау