Мамин: Коронавирус табылған елдердің азаматтары Қазақстанда жұмысқа алынбасын
ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің коронавирус табылған елдердің азаматтарын мемлекетіміздің кәсіпорындарына жұмысқа алмауды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында, базарларда және т.б. жерлерде эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейтуді тапсырды.
«Әкімдіктер мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын», — деді Асқар Мамин.
Бұған қоса ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Берік Қамалиев, премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында үкімет ҚР-да коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі іс-қимыл алгоритмін әзірледі («Б Жоспары»).
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай ушығып кетті. Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді және өте белсенді түрде таралуда. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. Вирус сондай-ақ әлемдік экономикаға, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекараның барлық өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді және іс-қимыл алгоритмінде жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ үкімет басшысы кейбір мемлеткеттерге ұшатын рейстерге шектеу қоюды тапсырды.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коронаровирус белсенді түрде таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектесін. Сондай-ақ, біздің фармацевтикалық кәсіпорындарда медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді премьер-миниcтр.
Үкімет басшысы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын түсіндіру бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
