"Мамбетка" деп ұрысты: Жұлдызай Дүйсенбиева ашық төсек сахнасынан бас тартқаны үшін сөз естіді
Қалың көпшілікке "Шаншар", "Алдараспан", "Мафия мен тақия" сынды сатира, әзіл-сықақ театрлары арқылы танылған актриса Жұлдызай Дүйсенбиева көп шақыртулардан бас тартып, ұсыныстарға талғаммен қарайтынын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
©instagram.com/zhuldizay_duisenbieva
“Мен жиі көріне беретін актрисалардың қатарынан емеспін. Бір жерге шақырса, сценарийін сұраймын, ішінде боғауыз сөздер болса бас тартамын. Бір продюсер маған “мамбетка” деп ұрысқан. Сценарийде төсекте түсетін сахна бар екен. Маған “Сіз түспейсіз, ол жерде сізді басқа адам алмастырады. Сіз шығып келе жатқан сәтінде көрінесіз” деді. Мен оны кімге барып түсіндіріп жүремін? Сөйтіп “жоқ” дедім. Сонда маған “Мамбетка, мы в двадцать первом веке живем” деп ұрысқанда, мен: “Ладно, я в двадцатом родилась” деп кетіп қалдым. Сөйтіп көбіне қара тізімде қалып кете береді екенмін”, – дейді әзілдеп.
Актрисаның айтуынша, ол ешқашан басты рөлді сомдамаған.
“Мен "Шаншар", "Алдараспан" театрларында да басты рөл ойнаған актриса емеспін. Ылғи, екінші, үшінші планда немесе мүлдем сахнаның арғы жағынан бір айналып өтетін рөлдерді ойнайтынмын”, – дейді актриса.
Көпшілікке Жұлдызай Дүйсенбиева десе, көз алдымызға тентек қыздың образы мен комедия елестейді. Алайда, өнер иесінің негізі мамандығы – драма актрисасы. Ол тіпті драмада бірнеше рет басты рөлді сомдап, көрерменнің қошеметіне бөленген кезін есіне алды.
“Райымбек Сейтметов атындағы театрда басты рөлдерде ойнадым. “Қыз жиырмаға толғанда” Жібекті, “Жекпе-жек” спектаклінде Нәзи деген кейіпкерді сомдадым. “Келіндер көтерілісінде” Саттыны ойнадым. Аталғандардың бәрі драма жанры. Сонда Райымбек Сейтметовтің “Қанша Саттыны көрдім, бірақ сен сияқты Саттыны бірінші рет көруім” деген мақтауын естіген болатынмын. Көрермендер де сол рөліме жоғары баға берді”, – дейді Жұлдызай.