Маман медициналық сақтандыруы жоқ адамды емхана қабылдамай қойса не істеу керектігін айтты
Қарағандыда қалалық емхана медициналық сақтандыруы жоқ тұрғынды қабылдаудан бас тартқан. Ал медициналық сақтандыру қорының өкілдері ауруханалардың науқастарға көмек көрсетуден бас тартуға құқы жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: vedapulse.com
Қарағандының 57 жастағы тұрғыны Сапар Мұқанов емханадан медициналық көмек ала алмай жүр. Ол бірнеше жылдан бері денсаулығы сыр беріп жүргенін айтты. Тіпті осы дертінің салдарынан 25 келі салмақ тастаған. Себебі соңғы уақытта қанда қант көбейіп, асқазан, бауыр-өкпесі жиі ауыратын болыпты. Ал дәрігерлер мені тексеруден бас тартқандықтан іш-құрылыс ауруларының нақты диагнозын біле алмай отырмын дейді азамат.
"Ауырып жүргеніме 4-5 жыл болды. Өзімді жаман сезінемін. Поликлиникаға барамын, врачтар мені қабылдамайды страховкаң жоқ деп. Енді қайда барамын? Кімге енді нетем? Білмеймін", - деді Қарағанды қаласының тұрғын Сапар Мұқанов.
Қазақстанда медициналық сақтандыру жоқ адамдар саны 3,5 миллионға жеткен. Ал МӘМС-тегілер сақтандырылмаған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін медициналық көмек барын айтады. Оның ішіне шұғыл және алғашқы медициналық көмек, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды және жаңа туған нәрестелермен босанған әйелдерді бақылау, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.
"Егер адам жұмысқа орналаса алмайтын немесе қандай да бір себептермен жұмыс істей алмайтын жағдай туындаса, яғни МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін азаматтардың жеңілдетілген санатына қосу мүмкіндігі бар. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу немесе атаулы әлеуемттік көмек алуды рәсімдеу қажет. Сондай-ақ, адам басқа да себептер бойынша көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер немесе үш жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу санатына кіре алады", - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаментінің аға менеджері Ақерке Бейсембаева.
Қазір медициналық сақтандыруды төлеп отырған азаматтардың саны 16 миллионнан асқан. Биылғы жылдың 9 айында шамамен 883,6 миллиард теңге жиналған. МӘМС жүйесінің өкілдері бұл қаражат Ұлттық банктегі арнайы шотқа түсіп, одан МӘМС аясында қызмет көрсететін медицицналық ұйымдарға жіберіледі.