Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Малшының жағдайын осылай жасау керек": Қазақстандық миллионер қойшыларына 300 мың теңге төлейді

"Шопан ата" қауымдастығының басшысы, отандық малшаруашылығын дамытып жүрген кәсіпкер, Youtube желісінде "Алмасбек. Әр қазақ бай болсын" блогының авторы Алмасбек Садырбаев танымал кәсіпкер Бауыржан Оспановтың фазендасында болып қайтып, ондағы малшылар мен жұмысшыларға жасалған жағдайды байқап қайтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өзінің қайырымдылық шараларымен кеңінен танымал болған кәсіпкер малшылардың өмірі өте қиын екенін айтады, сондықтан мақсаты сәл де болса оны жеңілдету.

Бауыржан Оспанов өзінің қол астында қызмет етіп жүрген әр жұмысшысының еңбегін өнімді ету үшін барлық жағдайларын жасап қойған. Кәсіпкердің айтуынша, қазір ешкім малшы болып жұмыс істеуге ұмтылмайды екен, оның басты себебі жұмыс жағдайының өте нашар болуы, сондай-ақ төленетін жалақысының да көңіл көншітпейтіндігі ықпал етеді дейді.

Кәсіпкер өз қызметкерлері үшін тіпті қаланың өзінде жасала бермейтін жағдайды жасап қойған. Малшылар жатып-тұратын жерлерін алаңдамай жұмыс істеуі үшін, оларға арнайы үйлер салған. Үйдің барлығы керек-жарақтармен қамтылған, төсек орын, ас үй, жуынатын бөлме, намазхана бәрі бар, тіпті іштері пыспас үшін кішігірім кинотеатр да жасап қойған. Бұл үйлердің сапасы да ауыз толтырып, айтуға әбден келеді. Малшыларға арналған үйлер комплексі екіге бөлінген, біреуінде отбасылы адамдар тұрса, екіншісінде бойдақ қызметкерлер қоныстанған. Отбасылы жұмысшылардың балаларына арнайы ойын алаңы да жасалған. Кәсіпкердің ендігі жоспары ортақ үй емес, 125 қойшыға жеке-жеке үй салып беру. Оның айтуынша тиісті қызметтерді реттеген соң, бұл істі бір айда біржақты етуге болады екен.

Үйлерден бөлек, 50 көлікке арналған автотұрақ бар. Сондай-ақ малшылардың азық-түлігін қамтамасыз ету үшін қолданысқа үш сиыр берілген екен. Оспановтың сөзінше, жаңа сауылған сүт пен балғын кілегейге ештеңе жетпейді дейді.

Кәсіпкерге жарық, интернет жайлы қойылған сұраққа ол былай деп жауап қатты: "Біздің комплексте электр энергиясын үнемдеуге негізделген жарық шамдары орналасқан, олар жарықтың қандай деңгейде қажет екенін біліп, қажеттілік бойынша беріліп тұрады. Жарықты қосып-өшіріп тұратын электрик қажет емес, жарық 24 сағат бойы қолданыла алады. Өткен айға электр үшін 71 мың теңге төледік, оның басты себебі электр 80 пайызға үнемделеді", - деді кәсіпкер, жаңа шамдарын көрсетіп. 

Бауыржан Оспановтың мақтан тұтар заманауи құрылғылары шаруада үлкен көмек көрсетеді екен.

"Табындардағы 2-3 үйірде GPS құрылғылары орнатылған, сол арқылы табынның қай жерде жүргені көрсетіліп тұрады. Сол үшін интернет "вышка" орнатқан едік, барлық жерде интернет кедергісіз жұмыс істейді, тіпті көрші ауылдарға да жетіп тұрады. Ең үлкен пайдасы, егерде жедел түрде бірдеңе қажет болса, қысқа уақытта ғана мәселені шешуге болады", - деп аяқтады өз сөзін кәсіакер.

Ол өзінің қызметкерлеріне қандай жалақы төлейді деген сұраққа кідірместен:

"Бір отар малды қарағаны үші айына 600 мың теңге төлеймін. Айына екі шопан вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жалақысынан бөлек төлдеген малдың төлін жылдың аяғында "бонус" ретінде алады", - деп басып айтты Оспанов. 

Кәсіпкердің жомарттығына риза болған желі қолданушылары осындай азаматтар билік басында отыру керек деп жарыса жазып жатты. 

 

 

Дайындаған: Нұрғали Сабина

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2020 18:59
Талқылау