Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мәлімдемеңіз алауыздық тудырады”: Депутат еңбек министрін сынға алды

Депутат Айдос Сарым еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға сауал жолдап, министрді күмәнді мәлімдемелер жасамауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат өз сауалында еңбек министрлігінің жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы ұсынысының халық арасында алаңдаушылық тудырғанын айтты. 

"Мұндай шара азаматтардың еңбек ету және әлеуметтік қамсыздандыру құқығына кепілдік беретін конституцияның бабына қайшы келеді. Әрбір қазақстандықтың зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқығы бар, әйтпесе кәсіби ұстаздар, дәрігерлер және басқа санаттағы мамандар тапшылығын қалай шешуге болады?", – дейді Айдос Сарым.


Зейнетақы жинақтарын шоттан шешіп алу қартайғанда алатын төлемге қалай әсер етеді


Депутат республика көлемінде экономиканың барлық саласында өткір кадрлық дағдарыс бар екенін атап өтті. 

"Тағы бір тенденция – Қазақстаннан шетелге жұмыс күшінің, негізінен жастардың кетуі байқалады. Мұндай тенденциялар жұмыс орындарының жоқтығынан емес, жалақының төмендігінен, еңбек жағдайларының тартымсыздығынан болып отыр", – деді депутат. 

Депутаттың айтуынша, сараптамалар буындар арасында айтарлықтай алшақтық барын көрсеткен, бұл еңбек нарығы үшін қосымша тәуекелдерді тудырады. Бұл мәселелер елдегі кадр даярлау жүйесін терең реформалау және еңбек жағдайын жақсарту қажеттілігін көрсетеді.

"Мұндай бастамалар буындар арасында алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қояды. Зейнеткерлер жастардың жұмысын "тартып алып жатыр" деген пікір орынсыз. Осыған байланысты алдағы уақытта әлеуметтік шиеленіс тудыратын мәлімдемелерге жол бермеуге шақырамын", – деді депутат.

Еске салайық, бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов еңбек министрін жұмыс істейтін зейнеткерлерді зейнетақыдан айыруы туралы ұсынысынан кейін сынға алған еді. 

Талқылау