Мал өлекселерін тастайды: Жетісу облысында тұтас бір ауыл қоқыс полигонын көшіруді талап етті
Жетісу облысындағы тұтас бір ауыл қоқыс полигонының зардабын тартып отыр. Ақжар елді мекенінің дәл іргесінде тұрмыстық қалдықтарды тастайтын аумағы 5 гектар жер бар. Тау болып үйілген қоқыстың арасына мал өлекселері де тасталады. Соның кесірінен ауаға жағымсыз иіс тарайды. Мәселе 5 жылдан астам уақыт әлі шешімін таппай келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Жетісу облысында қоқыс полигоны ауылдың дәл іргесінде орналасқан. Үш ауылдың халқы дәл осы жерге тұрмыстық қалдықтарын төгуге мәжбүр. Бұл мәселе ақжарлықтардың бес жылдан бері алаңдатып отыр.
“Бұл қоқыс бірнеше жыл бізге жара болды. Ауылдың әкіміне де, районға да айттық. Мына көктемде қар ериді. Өлексе жатыр. Трассаға дейін жүз-ақ метр, салафан, бәрі ұшады”, – деді Ақжар ауылының тұрғыны Серік Байсалбаев.
“Қоқыс төккен жерді өздеріңіз көрдіңіздер. Осының бәрі сасып, ауылды ластайды. Жазда мына жер сасиды да, өзенге құяды. Енді басқа қайда апарамыз? Басқа жақта орын бар еді, ол жерді ашпайды. Жеке шаруа иеленіп алған. Тірі жанды жолатпайды, енді қайда апарамыз?”, – деді ақжарлық Қиа Хәбиден.
Ауыл жұрты осы мәселені шешу үшін әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Ауылдық округтің әкімі тұрмыстық қалдық тастайтын орынның заңды екенін айтады.Оның айналасын жиі тазалап, жинап отырмыз дейді.
“Ол жердің орналасуы санитарлық талаптарға сай келеді. Ал мал өлекселерін тастайтын орын бар. Бұл – адамның өзінің кінәсі ғой, оны біз шамамыз келгенше тазалап, жинаймыз”, – деп мәлімдеді Ақжар ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев.
Қазір полигонның аумағы 5 гектардай жерді алып жатыр. Көктемде от тұтанса, маңайдағы орман мен басқа да нысандарға қауіп төнуі мүмкін. Бұдан бөлек улы заттар адам денсаулығына зиян келтіреді.