Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мал қорада баққан: Кентау тұрғынының үйінен "Қызыл кітапқа" енген арқардың төлі табылды

Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғынынан Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген арқардың қозылары табылды. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Полицияның хабарлауынша, Кентаудың полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне қала тұрғынының бірінің үйінде тау арқарының төлі бар екендігі туралы хабарлама келіп түскен.

Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Кентаудың полиция қызметкерлері аталған тұрғынның қорасынан екі арқардың төлін тапты. Олар “Қызыл кітапқа” енгізілген тау арқарының екі жасар төлі “көкпек” болып шықты.

"Полицейлер күдіктінің сол аумақтағы қорықтың бірінде жұмыс істейтінін анықтады. Ер адамнан “қолхат” алынды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің “Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген хабарламада. 

Қозылар айғақ ретінде тәркіленіп, Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді.

Бүгінде тәртіп сақшылары ер адамның “Қызыл кітапқа” енген жануардың төлін қандай мақсатта ұстағанын анықтауда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға “Қызыл кітапқа” енгізілген сирек кездесетін жануарларға қажет жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Айнұр Мұхади
Жұма, 02 Шілде, 2021 15:47
Талқылау