Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мал да, адам да өте алмайды": Түркістан облысында тұрғындар алтын қазу жұмыстарына наразылық білдірді

Түркістан облысы Абай ауылында тұрғындар елді мекен маңында мердігердің алтын қазуына наразылық білдіріп жатыр. Айтуынша, олар шұрайлы жерді бүлдіріп, өзен суын ластайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет сюжет кадрларынан алынған

Алтын игерушілер Абай ауылынан 2 шақырымдық 10 гектар жерде кіші Көкбұлақ өзенін бойлай игеретін айтқан.

“Алтын қазуға бүкіл ауыл қарсы. Ел қарсы. Көрші ауылды қандай еткенін көріп отырмыз. Олар тереңдігі 17 метрге дейін қазады екен. Одан кейін ол жерден мал да, адам да өте алмайды. Елу жылға дейін ол жерге шөп шықпайды. Енді судың иесі бөлек, таудың иесі бөлек, қырдың бәрін сатып жіберген. Ал енді облыс әкімінің құлағына алтын сырға осы мәселені шешіп берсін. Немесе жаппай халықты көшірсін”, – деді тұрғын Тілеуқұл Қаржаубаев.

Ал малын бағып, егін еккен мыңға жуық халқы бар елдімекен тұрғындары осы жайтқ екі жылдан бері алаңдап жүргендерін айтады.

“Алтын қазатын жер ауылдан 10-15 км алыстау болса мейлі. 2 км жер жайылымдық жерде тиіп тұр ғой. Малдың бәрі бір жерден су ішеді. Ал алтынды қазуға құлшынып отырған серіктестік өкілдері алғашқыда тек барлау жұмыстарын жүргіземіз деп отыр”, – деді тұрғын Қарсақбай Бейсеуов.

Мердігер компания директоры Нәзипа Мамықова жерд 10 метрдей тереңдікте қазылатынын айтты. 

“Аумағы 400-500 метр болады. Алдымен алтын бар ма, жоқ па, қазып-қазып көреміз. Кейін орнын ретке келтіреміз”, – деді Нәзипа Мамықова.

Бірақ бұған жергілікті жұрт күмәнмен қарайды. Өйткені көрші ауылда алтын қазған дәл осы компания қоршаған ортаға келтірген зияндылығы үшін айыппұл арқалаған деп отыр. Оны мамандар да растады.  

“Өзен бойына жиналған басқа да қазылған жерлерге сарқынды сулардың төгілген дерегі бойынша департамент өз құзыреті шегінде тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартты, "Аурус" ЖШС-на 350 мыңның көлемінде әкімшілік айыппұл салынған болатын”, – Түркістан облысы экология департаментінің бас маманы Қазыбай Шора.

Талқылау