Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мал баққан адам – кінәлі болып тұрмын": Алматы облысында қойынан айырылған шопан тергеуге алынды

Алматы облысында алпыс шақты қойды қорадан алып кеткендер кездейсоқ ұсталып қалды. Көлігі батпаққа батып тұрған оларды патрульдік полиция байқап қалған. Алайда сұғанақтар сөзден жаңылмапты. Қылмысын жасыру үшін қулыққа барып, ұсақ малды қойшының өзі шығарып берді деп бөскен, деп Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұсақ малдарды түнде Тоқтарбек қойшының қорасынан белгісіз біреулер ұрлап кетіпті. Күдіктілер 160 бас қойдың 52-сін көлікке тиеп, із жасырмақшы болған. Алайда жарты жолда балшыққа батып қалған жүк көлігін патрульдік полиция қызметкерлері байқап қалады. Бірақ тәртіп сақшыларына ұрылар малдың құжаттын көрсете алмапты. Есесіне, "қойларды қойшының өзі шығарып берді" деп бет бақтырмаған. Сондықтан тәртіп сақшылары ұрылармен бірге шопанды да тергеудің астына алып жатыр. 

"Мен, мал баққан адам – кінәлі болып тұрмын. Малды өзім сатқан болып тұрмын. Малды ұрлаған адамды ұстап алдық, оны сұрамай, малы жоғалған адамды сұрап жатыр. Малымды жоғалтып жылап-еңіреп жүрсем, олар келіп "сен кінәлісің" дейді. Осы дұрыс па?", - деді шопан Тоқтарбек Нұрәділ.

Ұрланған ұсақ мал ұн таситын жабық көлікке тиеліпті. Сондықтан 52 бастың 41-і тұншығып арам қатқан. Тағы төрт қойдың белі үзіліп кетіпті. Өлекселер  күні бойы Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының алдында жатқан. Ал қойшыға мал қосып, бір күнде малынан айырылған азаматтар "шығынды кім өтейді" деп зар илеуде.

"Өзімнен өліп қалған – 15 қой. Үш бас – тірі. Барлығы 18 бас. Жалпы барлығын ұрламақшы болған екен. Милицияға ұсталып, қалған қойды далаға қалдырып кеткен", - деді тұрғын Ақжол Молдаш.

Ал полицейлер ұрылардың нақты қанша адам екенін жасырып отыр. "Тергеу құпиясы" деген желеумен ашып ештеңе айтпады.

"Қазір мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұрылардың басқа да қылмысқа қатысын тексереміз. Қой ұрланған фазендада жұмыс істейтін азаматтардың осы қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда", - деді Еңбекшіқазақ аудандық ПБ бастығының орынбасары Жақсылық Алтынбаев.

Қой тиелген көлік жеке адамға емес, шымкенттік компанияға тиесілі екен. Күдіктілердің барлығы - Алматы облысының тұрғындары.  Енді олар тергеу аяқталғанша екі ай қамауда отырады. Ал арам қатқан қойлар өлексе тастайтын жерге жеткізілді.


Қойлар туралы қызықты 17 мәлімет

Жылқылар туралы 11 қызықты дерек

Талқылау