"Мал бағып күнін көрген". Қызылорда полицейлері 3 жыл бұрын жоғалған ер азаматты тапты
2018 жылы Қызылордада іс-түссіз жоғалған ер азаматты үш жылдан соң полиция қызметкерлері Түркістаннан тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, Қызылорда облысының тұрғыны 2018 жылдың қазан айында 48 жастағы туған інісінің тұрғылықты үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмау дерегіне байланысты іздестіру жұмыстарын жүргізуді сұраған.
"Аталған дерек бойынша сол уақытта іздестіру ісі арналып, жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Қармақшы аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілдерімен жүргізілген тынымсыз іздестіру жұмыстарының нәтижесінде кеше, яғни 6 сәуірде хабар-ошарсыз кеткен азамат Түркістан облысы, Түркістан қаласында вокзал маңында жүрген жерінен табылды", - делінген полиция басқармасының хабарламасында.
Қазіргі таңда ол Қызылорда облысы полиция департаментінің Қармақшы АПБ-не жеткізіліп, інісіне тапсырылды.
Белгілі болғандай, жүйке ауруымен ауыратын бұл азамат алдында да үйінен кетіп қалып жүрген. Сұрастыру барысында, жоғалған ер адам осыған дейін Алматы қаласында мал шаруашылығында жүріп, мал бағып күнін көргендігін айтқан.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
