Мақтаарал: алаяқтар қайырымдылыққа деп елден ақша жинауда

Мақтаралдағы жағдайды өз пайдасы үшін пайдаланып жатқандар белгілі болды. Апатты аймақта көмек көрсетіп жүрген еріктілер осылай дейді. Олардың айтуынша, Мақтааралға деп қаржы жинап жатқан адамдар көп екен. Ал, су басқан 5 елді мекеннің 6 мыңнан астам тұрғыны келесі 2 айды эвакуациялық пункттерде өткізеды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Мақтаралдағы су басқан 5 елді мекеннің тұрғындары келесі 60 күнін мектепте өткізеді. Оларға керектінің бәрі Қазақстанның түкпір-түкпірінен жеткізіліп жатыр. Мұндағы қоймадан қажет заттың бәрін табуға болады.

"Барлық нәрсе беріп жатыр. Ешқандай кемшілік жоқ. Мында дәрігер қызымыз бар, сәл басымыз ауырса дәрімізді әкеп береді. Уколымызды салып береді", - дейді Абдурасул Надиров ауыл тұрғыны.

"Ешқандай шағымымыз жоқ. Ең бастысы үйімізді салып берсе болды. Ертерек салып берсе, өз үйім, төсегіме оралсам болды", - дейді келесі ауыл түрғыны.

Бұл Фирдоуси ауылының тұрғындарының пікірі. Оларды тек баспана әселесі алаңдатады. Ал, Үкімет тарапынан берілетін 100 мың теңге мен Усманов бөлген 1000 долларды алу үшін азаматтар құжаттарын дайындауда. Тұрғындардың басым бөлігінің құжаттары түгел.

"Құжаттары 95 пайыз түгел деп айтуға болады. Кем-кетігін меншікті халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері дубликаттарын шығарып беруде", - дейді Азамат Мұратов Келес ауданы әкімдігінің бөлім басшысы.

Эвакуациялық пункттердегі адамдардың жағдайын жасап жүргендердің басым бөлігі еріктілер. Осында 90-шақты ерікті қол ұшын беріп жүр. Олар арнайы штаб құрып, қор жасақтаған.

Еріктілер штабындағы қоймаға күніне 3-4 тонна азық-түлік жеткізіледі. Тиісінше, сонша көлемдегі тауар эвакуациялық пункттерге күніне таратылып береді. Бүгінде, штабтағы қоймада, 2 жарым тонна ұн, бір жарым тонна күріш, 1 жарым тонна шекер, 3 тоннадай макарон бар, 5 тонна пісте май жинақталған.

Еріктілер егер азық-түлік орнымен жұмсалса екі айға жетуі керек деп болжауда. Өйткені үйіме эвакуацияланған адамдарды жатқызып едім деген сылтаумен тауар алып кетуге тырысатын алаяқтар да көбейіпті. Ондайлардың 8-і анықталған екен. Сонымен қатар, кейбір азаматтар жеке есепшот ашып "Мақтааралға" - деп ақша жинап, елді алдауда дейді еріктілер.

"Алаяқтар көбейіп жатыр, біз оны көріп отырмыз. Қостанайдан дейді, Павлодардан дейді. Бірақ ол адам бұл жерге келген жоқ. Ешқандай халыққа есеп беріп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекет тарыпынан қадағалау болса дейміз. Өйткені, бұндай жағдайда алаяқтар көбейеді", - дейді ерікті Ахмед Таубаев.

Сонымен қатар, мақтааралдық 152 бала алдағы демалыстарын Сарыағаш емдік сауықтыру шипажайында өткізетін болды. Бүгін шипажайға аттанған балалар дәрігерлік есепте тұрғандар немесе көпбалалы отбасылардың балалары. Қазіргі таңда Мақтааралдағы су сору жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Аталған аумақтарда тазалық жұмыстары жүргізілмек.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр