Алматы облысында ит талап тастаған 10 жасар бала оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Видеодан скрин
Алматы облысы Жалапақсай ауылында екі ай бұрын иттер шабуылдап, құлағын жұлып, аяғының сіңірін жыртып кеткен 10 жастағы Максим оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Максим иттердің қоршаудан шығып кеткенін көргенімен, қашып үлгермей қалғанын айтады.
“Досым екеуіміз ойнап жүргенбіз. Иттер қоршаудан шығып кетейін деп тұрды. Менің досым қоршаудың құлап қалғанын көріпті, ал мен көрмей қалдым. Ол қаша бастағанда барып бірақ көрдім. Сосын мен де есік жаққа қаштым. Бірақ иттер мені қуып жетіп, тістей бастады. Бір ит мені бетімнен тістеп тұрды”, – дейді Максимнің өзі.
Halyqstan Telegram арнасына берген сұхбатында Максимнің анасы оқиғадан кейін балаға мүгедектік рәсімделіп жатқанын айтты. Екатерина Бурмистрованың сөзінше, ауыр жарақаттардан кейін бала ақсап жүретін болып қалған. Көру қабілеті де нашарлап кеткен. Ал шабуыл қатысты тергеу әлі күнге дейін алға жылжымаған.
Алматы облысында ит талаған 10 жасар баланың отбасы баспаналы болды
“Қазір бала мектепке бармайды, үйден білім алып жатыр. Бір жылдан кейін оған құлағына пластикалық ота қажет болады, әзірге бәрі жазылып, орнығып алуы тиіс. Қазір бізге тағайындалған жақпа майларды, кремдерді қолданып жүрміз. Осының бәрін өзім сатып аламын, адамдар көмектессе, соған жұмсаймын. Шамамен 10-18-20 мың теңге шығып жатыр. Өте қымбат”, – деді ол.
Ал бұл иттердің иесі ешқандай көмек көрсетпеген.
“Ол келмеді де, қоңырау шалмады да, мүлдем ешқандай әрекет болған жоқ. Соңғы рет оны ауруханада көрдім”, – деп түсіндірді Екатерина Бурмистрова.
Еске сала кетсек, Алматы облысының полициясында кәмелетке толмаған балаға ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
“Қылмыстық іс қозғалды, бірақ екі айда ешқандай алға жылжу болған жоқ, бәрі бір орында тұр. Тергеушілер қоңырауларды жауапсыз қалдырады, байланысқа шықпайды. Менің заңды өкілім осы мәселені шешу үшін Астанаға баруға дайындалып жатыр”, – деді әйел.
Еске салсақ, 30 маусымда Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде ойнап жүрген 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Құтқарушылар жеткенше иттер баланың сан етін, құлағын жұлып алған. Қасындағы балалардың жанұшыра айғайынан кейін көмекке келген 65 жастағы такси жүргізушісі бәкісімен иттерге қарсы шабуылдап, оның өмірін аман алып қалды.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
