Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақсатымыз - Қазақстанның ғарыштағы үлесін арттыру: Алматыда жас ғалымдар ғарыштық технологияларын таныстырды

Қазақстандық жастарды ғарыштағы экологиядан бастап, тамақтану, күн энергиясы арқылы ғарыш кемелерін қуаттандыру жобалары қызықтырады. Жастардың ғарышқа қатысты идеяларын Алматыда өткен Kazakhstan Smart Space ғарыш технологиялар мен техникасы бойынша ІІ халықаралық байқауы және I Халықаралық конференция аясында білдік. Жалпы саны 41 топқа демеушілер атынан құнды сыйлықтар табысталды. Байқауға Eurasian Space Ventures компаниясының негізін қалаушы, Еуразиялық банкі директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов қолдау көрсетті. Мұнда Қазақстан, Өзбекстан, Ресейден келген оқушылар мен студенттер ғарыш саласындағы өз жобаларын таныстырды. 

Алматы телекоммуникация және көлік құрылысы колледжінің студенті Леонидті ғарыштағы қоқыс алаңдатып, оларды қалай тазалауға болатыны туралы ойланып, өз жобасын жасап шыққан.

"Мен ғарыштағы қоқысты тазалап, қайта өңдейтін кеменің макетін жасап шықтым. Ол ғарыштағы қоқысты ұсақ бөліктерге бөліп, оны қуат көзі ретінде пайдаланады. Ол үшін оған қосымша су және көмір қышқыл газы  қажет. Макетті мен үйде бар бөтелке қақпақтары, пластмасса құрылғыларды клеймен жапсырып жасадым", - дейді Леонид.

Жоғарыда айтып өткеніміздей жоба халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Ресейдің Нижний Новгород қаласынан келген 6-сынып оқушысы Тимофей екі жылдан бері ғарыш әлеміне қызығып, ғылыми жұмыс жасай бастаған.

"Менің жобам космоста күн қуатын алып, электр жарығын жинауға арналған. Күн тоғы деп айтуға болады. Бұл құрылғыны ғарыш кемесіне қыстырып қоюға болады. Күн жарығы айнаға түсіп, одан кейін қуат жиналып, оны ғарышта электр энергиясы ретінде қолдануға болады. Бұл құрылғыны теориялық тұрғыда жасап шыққанбыз", - дейді Тимофей.

Сәтбаев атындағы Қазақстан Ұлттық техникалық зерттеу университеті Космостық технологиялар кафедрасының профессоры Ерлан Қаштай осы конкурс ұйымдастыру кезінде көптеген тамаша жобаларды көргенін айтады. 

"100-ден аса команда өз жұмыстын ұсынды. Осы финалға 52 команда өтті. Болашақта осы жобалар республикадағы барлық салаларға енгізілетініне сенімім мол. Себебі барлық салада космостық бақылауға немесе зерттеуге құлшыныс бар. Біздің елде жасалып жатқан жобалар қазір ғарышта қолданылып жатыр. Дәл қазір бұл көбіне деректер, оларды әртүрлі салада қолдануға болады. Жолдардың жағдайы, көпірлердің бұзылған жері жайлы ақпарат беріп отырады", - дейді профессор.

Ол бұл конкурстың алдағы жылдары да ұйымдастырыла беретінін айтады. 
"Қазір осы саланы дамыта түсу керек. Себебі осыған дейін біздің жастардың арасында ғарыш саласына деген осыншалық үлкен қызығушылық болған емес. Қазір мұнда әртүрлі жастағы оқушылар, студенттер келіп жатыр. Бізге осы жанып тұрған жастардың қызығулығын сөндіріп алмау керек", - дейді ол.

Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің 2-сынып оқушысы Таир өз мектебіндегі жас инженер тобына қосылып, ғарышта тамақ өндірісін қалыптастыруды ойға алған.

"Біздің ғарышта өсімдік немесе көкөніс өсіру туралы жоба жасап шықтық. Бұл біздің құрылғының макеті. Ол полимерден жасалған гидрогель арқылы жұмыс істейді. Бұл жерде гидрогель судың орнына қолданылады. Құрылғының үстіңгі бөлігінде күн энергиясын алмастыра алатын жарық сәуле бар. Ол өсімдіктің өсу деңгейіне қарай төмен түсе немесе жоғары көтеріле алады. Төменгі жағында ауа алмастырып отыратын бөлігі де бар. Бұл құрылғыны ғарыш кемесіне қосымша ретінде жалғап алып, белгілі бір планетаға жеткізуге болады", - дейді Таир.

Байқау ұйымдастырушыларының бірі "Қазақстан ғарыш сапары" АҚ президенті Марат Нұрғожиннің сөзіне сүйенсек, қазір елімізде ғарыш бекетін жасауға сынақ жұмыстары басталады. Осы салаға бағытталған жұмыстар жүргізу үшін елімізге жас ғалымдар керек.

"Біз орталық 5 космостық бағдарлама жасап шыққан. Біздің осы жобаларымызды ғарышкерлер Халықаралық ғарыш станциясында іске асырып көрді. Қазір біз 6-шы жобаны бастап отырмыз. Оның да Халықаралық ғарыш станциясында жүзеге асатынына сенімім мол", - деді Нұрғожин.

Оның сөзінше, бұл жобалардың маңызы жоғары, себебі бұрын ғарышта тек мемлекеттік жобалар іске асса, соңғы жылдары жеке компаниялар ғарышты бағындыру, ол жақта ірі жобалар жасау арқылы өз елдерінің экономикасына айтарлықтай үлес қосқан.

"Кез келген жобаның өз мерзімі болады. Бізге қазір ғарыштағы ескірген жобаларымызды жаңартудың жолдарын қарастыру қажет. Қазір біздің 4 спутнигіміз белгіленген мерзімінен көп жұмыс істеп тұр. Олар 2023-2023 жылдың соңына дейін жұмыс істеп, одан кейін жойылуы қажет. Қазір соларды жою бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұрын біз бұл спутниктерді француздардан, ағылшындар мен ресейліктерден сатып алғанбыз. Енді оларды өзіміздің Ғалам деген орталықта жасап, жаңа спутниктерді ғарышқа ұшырамыз", - дейді Нұрғожин.

Ғалымның айтуынша, біздің елде Байқоңыр сынды ғарыш айлағы және ракеталарды ұшыруға арналған инфрастуктура болғанымен ракеталардың өзі жоқ. Қазақстан өзі ракета өндіріп үйренбейінше, ғарышты меңгеруші алдыңғы қатардағы елдер шебіне кіре алмайды. Қазір "Қазақстан ғарыш сапары" компаниясы осы бағытта да жұмыс істеп жатыр.

"Мұндай жобалардың маңызы зор. Мысалы, былтыр өткен бірінші конкурстан кейін үздіктерді халықаралық конкурстарға жібердік. Былтыр біз Алматыдағы Назарбаев интеллектуалды мектебіне қолдау көрсетіп, біздің компаниядан модератор-тренер барып, оқушыларды ғарыш әлемімен, ғарыш инженериясымен таныстырып, оларға консультант болған.Биыл қатысушылардың саны артқанына қуаныштымын. Бұдан өзге де мектептерге қолдау көрсетеміз", - дейді ғалым.

Бірнеше күнге жалғасқан конкурстың нәтижесінде әртүрлі номинацияларда әр жастағы жас ғалымдар арасында үздіктер таңдалды. Жеңімпаздар қатарында Алматы, Астана, Уфа, Ташкент, Омбы, Павлодар, Талдықорған және Өскемен қалаларынан қатысқан жас ғалымдар бар. Конкурс шарттарына сәйкес номинациялар бойынша ғарышта қолдануға болатын құрылғылардың үлгісін, жұмыс жасап тұрған аппараттарын, ғылыми жобаларын таныстырып, өздері құрастырған роботтарды жарыстырып көрді.

Ұйымдастырушылар сөзінше, мұндай жобаларды іске асыру үшін бірінші кезекте жақсы мамандар керек. Яғни Қазақстан өз инженерлерін тәрбиелеуі қажет. Осы арқылы Қазақстанның ғарыштағы үлесін арттыруға болады. 

Талқылау