Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мақсатымыз - байлықты халыққа қайтару": Белсенділер Halyk банкты мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті

Болат Әбілов елде заңсыз түрде жекенің қолына өтіп кеткен компаниялар мен кәсіпорындарды мемлекетке қайтару мақсатында "Asset Recovery Fund of Kazakhstan" қоғамдық қорының құрылғанын мәлімдеді. Қорға Оразалы Ержанов басшылық етпек. Осы орайда өткізілген баспасөз жиынында ұйымдастырушылар қордың мақсаты мен алға қойған міндеттері туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Болат Әбілов

Болат Әбіловтың сөзінше, "Asset Recovery Fund of Kazakhstan" қоғамдық қорының басты мақсаты – 1990-жылдары жекенің қолына өтіп кеткен зауыттар мен ірі компанияларды халыққа қайтару. 

"1990-жылдардағы жекешелендіру ашық жүрген жоқ. Мұнай, газ және кен байлықтары ешкім танымайтын кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолына өтіп кетті. Ал бұдан Қазақстанға ешқандай пайда тимеді. Көпшілігі шетелге кетті. Сондықтан қоғамдық қор құруды жөн көрдік. Мақсаты – осы байлықты қазақ халқына қайтару", – деп түсіндірді Болат Әбілов. 

Болат Әбілов ірі компаниялардан бөлек Halyk және Jusan банктері де мемлекетке қайтарылуы керек екенін атап өтті. 

"Жекеге өтіп кеткен компаниялар ішінде Halyk банк бар. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев сұхбаттарының бірінде банкті балаларының өте арзанға сатып алғанын ашық айтты. Қазір Jusan банкінде Нұрсұлтан Назарбаев қорының да активтері бар. Бірақ бұл қордың банк жүйесіне қандай қатысы бар екені түсініксіз. Бүгін бізде елден заңсыз ақша шығару істеріне қатысы болуы мүмкін азаматтардың тізімі бар. Біз осы азаматтардан қаржыларының қайдан келгенін түсіндіріп беруін талап етпекпіз", – деп қосты ол.



Ескендір Бейсембетов жекенің қолына өтіп кеткен компаниялар экономикалық жүйеден шығып, тек белгілі адамдардың табысын арттыру құралы ретінде жұмыс істегенін атап өтті. 

"Қазір экономикамыздың тиімсіз болуының басты себебі – монополияның кең етек жаюы. Мемлекеттік болсын, жеке кәсіпорындар болсын, барлығы бір ортаға шоғырланды. Ал ірі компаниялар экономикалық жүйеден шығып, белгілі адамдардың табысын арттыру құралы болып қалды", – деп мәлімлдеді Ескендір Бейсембетов. 

Ол мұндай кәсіпорындарды мемлекетке немесе қоғамдық басқаруға қайтарудың пайдасы зор екенін айтты. 

"Монополия кез келген экономика үшін зиян. Менің ойымша, жекенің қолына өткен кәсіпорындар мен компанияларды қайтару экономикамызға жаңа серпін береді. Ал пайдалы қазбалар мен өзге де активтерді тиімді пайдалану қолжетімді болмақ. Қордың екінші мақсаты – осы баға жетпес қорды дұрыс арнаға бұру, адам капиталын дамыту", – деп түсіндірді Ескендір Бейсембетов. 

Қор төрағасы Оразалы Ержанов ең алдымен кәсіпорындарды жекешелендіру бойынша қылмыстық іс қозғауға тырысатынын айтты. 

"Елдегі ірі компаниялар күдікті схема арқылы жекенің қолына өтіп кетті. Қазір біз жер қойнауымыз бай деп мақтанамыз. Алайда оны қалай пайдалану керегін біз шешіп жатқан жоқпыз. Қордың мақсаты халыққа тиесілі байлықты қайтарып беру екенін тағы қайталаймын. Осы жолда алдымен жекешелендіру бойынша қылмыстық іс қозғауға тырысамыз. Егер кәсіпорынды қалай сатып алмағанын дәлелдей алмаса, жауапқа тартылсын. Дегенмен кәсіпорындар жұмысын тоқтатпайды. Сондықтан адамдар жұмысын айырылады деген қорқыныш болмауы керек", – деді Оразалы Ержанов. 

Талқылау