Мақпал Жүнісова: Қызым үйімізге әкемнен басқа еркек кірмейді деп жылады
Қазақтың ерке қызының Мерейіне құда түсушілер көп екен. Алайда, әнші көзқуанышын өзге әулетке қимайды. Бұл туралы ол Stan.kz тілшісіне экслюзивті сұхбат берді.
– Жуырда ғана «Бақытты болыңдар» деген әнді Кенжебекпен бірге орындап, бейнебаян түсірген едіңіз. Ұсыныс кімнен болды?
– Үйлену тойда «бақытты болыңдар» деген сөзді бір адам 10-15 рет айтады ғой. Содан арнайы осы тақырыпта жаздық. Кенжебекті өнердегі інім, бауырым ретінде жақсы көремін, сыйлаймын. Басында клип түсіруге уақыт болмай жүрді. Міне, енді реті келіп халыққа ұсындық.
– Енді осы әнді Мерейдің ұзатуында айтуға асық шығарсыз?
– Ойбааай, қыз-ау, «жас өспей ме, көкейді теспей ме» дегеннің күйі болып жатыр. Менің қызым да бойжетіп қалды. Өзім үшін әлі бала болса да, өзгелердің көзі түсіп жүр. 1-2 рет құда түсуге ниет білдіргендер болды. Мен «Ойбай, жоқ, Мерей әлі кішкентай. Оқысын. Үйренсін. Жүрсін. Сосын уақыты келгенде келісімді беремін» деп қуып жібердім.
– Алайда, «он үште – отау иесі» дейді…
– Енді ол бұрын солай болды ғой. Қазір заман басқа, талап басқа, өмір басқа. Қазіргі заманда әйел адам да жұмыс істеу керек. Көзі ашық, көкірегі ояу болуы керек. Әйел үйде бала туып, тамақ пісіру керек деген ескінің қалдығы. Және ерте үйленгендер өмірдің қиындығы мен қызығын түсінбей, ажырасып кетіп жатады. Сондықтан, мен Мерейді есейіп, ақыл тоқтатқан кезде ұзатсам деймін.
– Бұл туралы қызыңыз не ойлайды? Сырласып көрдіңіз бе?
– Қазір менің ең жақын құрбым да, сырласым да Мерейім ғой. Достарыма, құрбыларыма айтпаған сырдың бәрін қызыма айтамын. Ол түсінеді. Өзінің пікірін айтады. Кейде ақыл-кеңес береді. Бір күні «мама, менің күйеуім сізге ұнамай қалса не істеймін?» дейді. Төбемнен суық су құйып жібергендей болды. Сосын түсіндірдім: «Айналайын, алтыным! Сен таңдаған адам маған үнемі ұнайды. Ешқашан оны жек көрмеймін, жек көре де алмаймын. Бастысы, өздерің бір-біріңді сүйіп, сыйлап, қолдап, бақытты болсаңдар болды. Бірақ, сен тұрмысқа шығуға асықпа. Қазір білім ал, оқы, ізден. Күйеуге шығатын уақыт келеді. Асығыстық – шайтанның ісі» деп айттым. Қызым ақылды. Бірден түсінді. Одан бері тұрмысқа шығу туралы сөз болмады.
– Құда түспекші болған әулетті Мерейдің өзі таңдады ма?
– Жоқ. Біз танымал болғасын, елдің алдында болғандықтан өнерімізді де, өзімізді де, марқұм Зәкеңді де сыйлайтын жандар көп қой. Солар әзіл шыны-аралас айтып қалды. Мен қызымды тек өзі сүйіп, ұнатқан азаматқа ұзатамын.
– Қайда демалуды жоспарлап жүрсіз?
– Мерей екеуміз Корей еліне барып, демалып келсек деген ойымыз бар.
– Шатаспасам, бұған дейін де сол елге саяхаттап келген сияқты едіңіздер?
– Иә, ол рас. Қызымның ұсынысымен барып келдік. Маған қатты ұнады. Таза мемлекет. Адамдары да мейірімді, күліп қарсы алып, күліп шығарып салады. Оның үстіне ол жақтың косметологиясы ерекше дамыған. Менен көп адамдар Кореяда ота жасаттыңыз ба деп сұрайды. Қалай бардым, бет-әлпетім ешқандай өзгеріссіз қайттым. Бірақ, көптеген массаж, өзге де процедураларды қабылдадым. Жасымыз келді. Күтім керек. Қызыма да соны үйрете бастадым. Мерей Қазақстанда массажға немесе косметологқа баруға ұялады. Себебі, бәрі таниды ғой. Ал, Кореада бізді ешкім танымайды. Еркін демалып, уайымсыз өз-өзімізге күтім жасап, сырласып, ләззат аламыз.
– Қызыңыз сізге «мама, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп әңгіме айтып, сырласқан кезі болмады ма?
– Болды. Осыдан бір жыл бұрын «мама, көңіліңіз қалаған адам болса, сіз де бақытты болуға лайықсыз» деп айтқан еді. «Қызым, сен кешігіп қалдың» деп түсіндірдім. Өйткені, кішкентай кезінде мен тұрмысқа шығу туралы әңгіме бастап көрген едім, ол жылап: «бұл үйге папамнан басқа еркек кірмейді» деді. Ол кезде көңілімде жүрген азамат та жоқ болатын. Тек ойын білгім келген. Өз анамда: «Әй, қызым, талай жесір баласын өзі асырап өсірген. Жесірліктен өлді дегенді естімедім. Менің өзім де дәлелмін. Сондықтан, баланың жүрегін ауыртпа», – деді. Бұл тақырыпты сол кезде жауып тастаған едік. Қазір енді маған күйеу емес, құда керек. Сол күнге амандықпен жетейік.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Жомарт жанды Тәуекел: Актер мұқтаж отбасыға көмек көрсетті (фото, видео)
Қыз баланы армандаған Мұқасан төртінші ұлын перзентханадан ерекше ырыммен алып шықты (фото)
Сиви Махмудидің анасы төрт түлік малға толы фазендасын көрсетіп мақтанды (видео)
Қуандықпен ән салмай кеткен Гаухарды Әбдірайымов қамқорлығына алды