Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

Stan.kz Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты сыншыл ақыны Махамбет Өтемісұлының 10 өлеңін ұсынады.

Махамбет Өтемісұлының өлеңдері

Өкініш

Толғай да толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан,
Қабырғасын қаусатқан,
Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан,
Теспей қанын зулатқан,
Біздің қайсар батырдың
Жүрегін сөйтіп оятқан
Кешегі Орақ пенен Мамайдай
Батырлар, шіркін, болар ма-ай!
Олардай болып жүруге
Біздерге қуат толар ма-ай!
Қазақтан бір құнт кетті деп,
Біздерге нәубәт жетті деп,
Бұзылды көңілім жыларға-ай!
Азамат ердің баласы
Арғымақтың баласы
Аз оттар да көп жусар –
Талаудан татқан дәмі бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар –
Дұшпанға кеткен кегі мен
Барымтаға түскен малы бар.

Соғыс

Әскер жиып аттандық,
Бекетай еді тұрағым.
Айғайлап жауға тигенде
«Ағатай беріш!» ұраным.
Бекетай құмға ел қонып,
Байбақты Жүніс аттанды,
Қосылуға дем болып.
Құдайлады хан ұлы,
Іздеген жауы біз болып.
Жау қарасы көрінді,
Жиылған әскер бүлінді.
Исатай – басшы, мен – қосшы
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында.
Зығырданы қайнайды,
Астына мінген ақтабан
Ақ бөкендей ойнайды.
Қасына ерген көп әскер
Маңыраған қойдай шулайды.
Артымыздан келіп қол жетті
Аз жетпеді, мол жетті.
Жеткен жерін айтайын –
Бекетай құмның басында,
Ағаш үйдің қасында…
Түніменен түйіндік,
Таң атқанша тарандық.
Таң ағарып атқан соң
Төңірек жаққа қарандық.
Қарап тұрсақ, әр жерден
Жау бір өрттей қайнайды,
Қайнағанмен қоймайды –
Мылтығын қардай боратып,
Жетіп келді қамалға –
Қамалды бұзып аларға.
Әскердің алды бөгелді,
Қырдан ойға төгілді,
Орыс добын үш атты…
Доптың үні шыққанда,
Сонда батыр жөнелді.
Жөнелмей батыр неғылсын? –
Ерсары менен Қалдыбай –
Екі арыстан тең өлді…
Жетім-жесір көп қалды,
Хан әскері кенелді…
Қызғыштай болған есіл ер
Қайран да жұрттан не көрді?!

Атадан туған ардақты ер

Атадан туған аруақты ер
Жауды көрсе, жапырар
Үдей соққан дауылдай.
Жамандарға қарасаң,
Малын көрер жанындай.
Жүйрік аттың белгісі
Тұрады құйрық-жалында-ай.
Айтып-айтпай немене,
Халық қозғалса,
Тұра алмайды хан тағында-ай!

Исатай деген ағам бар

Исатай деген ағам бар,
Ақ кіреуке жағам бар.
Хан ұлымен қас болып,
Қара ұлымен дос болып,
Хан үстіне барғанда,
Шабайық ханды дегенде,
Шапқандай ханды амал бар, –
Амал барда хан шаппай,
Тәңірім қылды – не амал бар?!
Ат туады байталдан,
Айт десең – лебіз қайтарман.
Төрт-бес жылдай алысып,
Мына тұрған Иса-екем
Ханның бір тауын қайтарған.
Ат туар ма шұбардай,
Ер туар ма бұлардай,
Дулығалы бас кесіп,
Дұшпанының қанына
Ақ алмасын суармай?!

Ақ жүрегін тербетіп

Ақ жүрегін тербетіп,
Ер көңілін желдетіп,
Ақсүйектің баласын
Қара ұлына теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгердім.
Жетімдерге жем бердім,
Жесірлерге жер бердім.
Ақырында, дүние-ай,
Сол ерліктен не көрдім?!
Жолдасқа билік бермедім,
Кешегі хан үстіне барғанда,
Ақсүйектің баласы
Бақадай шулап тұрғанда,
Ерлікпенен алданып,
Өзіме-өзім қас қылдым.
Сырлы зерен аяқпен
Бал ұрттаған ер едім, –
Бұл уақыттар болғанда,
Көктей өтіп Жайықты,
Бір қасық ішкен қара су
Жұмасына ас қылдым.
Осы жақта мен өліп,
Артымда тірі сен қалсаң,
Жасөспірім Жақияны,
Жолдасым, саған тапсырдым.

Шашылу

Сөйлесем, даусым аңқыған,
Сөйлеуге жүрек талпынған,
Атасы Беріш болса да
Артық пайда көрмедім
Егіз бенен Балқыдан. –
Алақандай Нарында
Мүкәммалым шашылды
Шағалалы көлдей шалқыған,
Аспанда ұшқан ақ сұңқар,
Қолымда тұйғын, лашын.
Қосылған жаста арудың
Көре алмай кеттім құлашын.
Арпа жемес арғымақ
Ақ селеу отқа зар болар.
Миуа, шекер жемеген
Алғаным менен балаларым
Қоңырсыған, дүние-ай,
Қой етіне зар болар.
Қатын қалса – бай табар,
Қарындас қалса – жай табар,
Артымда қалған ақсақал
Алқалы кеңес құрған күн
Ақылменен ой табар.
Кейін қалған жас бала,
Күдер үзіп біздерден,
Көңілі қашан жай табар?!

Жалғыздық

Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ –
Түнде бар да күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ –
Күндіз бар да түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ?
Тілде бар да дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ?
Бірде бар да бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ?
Еріскен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды –
Тура әділдік биде жоқ.
Бәрін айт та бірін айт –
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да менде жоқ.
Менің атым – Махамбет
Менің атым – Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса-дерт.
Атасы өткен Айшуақ –
Соның көзі көрді ғой:
Менің атам Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой.
Біз бір енеден бір едік,
Бір енеден екі едік –
Екеуіміз жүргенде,
Бір-бірімізге ес едік.
Бір енеден үш едік –
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік –
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік –
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік!
Біз ер едік, ер едік,
Ен Нарында жүргенде
Талма талтүс шағында
Тай жеген тарлан бөрі едік…
Біздің жайды сұрасаң,
Ерте көшіп, кеш қонған
Санаулы сәнді орданың бірі едік!

Ат жігіттің майданы

Ат – жігіттің майданы,
Қылыш – жанның дәрмені,
Өлім – хақтың пәрмені.
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл –
Бұл дүниенің жалғаны.
Аспандағы бозторғай –
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы.
Қара лашын, ақ тұйғын
– Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,
Қайғыда болар анасы.
Айланбастың Алатау –
Баурында болар саясы.
Тоқсан тарау су ақса,
Дария болар сағасы.
Сан шерулі қол болса,
Батырлар болар ағасы.
Аз сөйлер де көп тыңда
Хас асылдың баласы.
Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ
Көгінде жатып көркеймес,
Ортайса көлдің қоғасы.
Аруана мая күңіренер,
Бауырынан өлсе баласы.
Суға жүзген нән балық
Шағала құсқа жем болар,
Үзілсе көлдің сағасы.
Атадан қалған сауыттың
Шығыршығын тот басар,
Жыртыла тозса жағасы.

Нарында

Әдірә қалған Нарынның
Теңіз деген суы бар,
Жағасында жағалай біткен
Қамыс деген нуы бар.
Еңіреген ердің қолында
Жібектен желбіретіп ұстар туы бар.
Хан ұлымен алыстың,
Қарсы тұрып шабыстың –
Бізге біткен бес еркектің буы бар.
Әдірә қалған Нарынның
Жайық деген суы бар.
Жағасында жары бар,
Қабағында қары бар.
Көрмегенді көргізген,
Көн кемеге мінгізген,
Қынама бешпент кигізген,
Зәбірлігін тигізген
Ортасында Жәңгір деген ханы бар.
Қырлығында оба бар.
Көлдеуінде қоға бар,
Жыңғылы мен талы бар.
Қонса қонақ жегендей
Жаясы мен жалы бар.
Айтып-айтпай немене –
Әдірә қалған Нарында
Бас пайданың бәрі бар.
Қапыда кеткен дүние-ай,
Алақандай Нарында
Ата менен ана бар,
Іні менен аға бар,
Қатын менен бала бар,
Қарындас халқым жаңа бар.
Жалғыз ұлым Махмұт
Бекетай құмның ішінде
Жалғыз бір қалған со да бар.

Біздің анау Нарында
Бір төбелер бар еді-
Айналасы ат шаптырса жеткісіз,
Қиқулай ұшқан қырғауыл,
Күніне құлан да басып өткісіз,
Күндіз келген қонағы
Кешке үйіне кеткісіз.
Қойды мыңға толтырған
Сол Нарынның құмдары,
Түйені жүзге толтырған
Көкпекті шайыр шымдары.
Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер.
Жабағылы тоқтысы
Қой болып, қора толған жер.
Аш-арығым тойған жер,
Жылаған бала қойған жер.
Шортаны қара бақандай,
Бақасы сары атандай,
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей –
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдайым қылды – амал жоқ.

Елмен қоштасу

Атама менің сәлем айт,
Атын басқа байласын,
Еменнен найза сайласын.
Достыны достым демесін,
Басының тапсын пайдасын.
Досты болып жүргендер
Жау болып келді көріне.
Беліне садақ байланып,
Бір келмеді-ау деніме!
Қайрыла алмай барамын
Қайран да қалған еліме.
Амандаспай аттандым
Ата-ана, қарыма.
Жолығыспай жөнелдім
Тәңірі қосқан жарыма.


Тағы оқыңыз: Жамбыл Жабаевтың өлеңдері >>>

Талқылау