Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Magnum-ға бойкот: Қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен курьерді жұмыстан шығаруға қарсылықтарын білдірді

Әлеуметтік желіде Magnum желісінің курьерінің жұмыстан қуылуы қызу талқыға түсті. Дау курьер қазақ тілінде сөйлеуді талап етуінен басталған. Ал кейін компания басшылығы оны жұмыстан шеттеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

магнум

Желі қолданушысы Magnum-нан азық-түлік тапсырыс бергенін жазған. Сөзінше, тауарды жеткізген курьер одан қазақ тілінде сөйлеуін талап еткен

"Бүгін жеткізу қызметі арқылы Магнумнан азық-түлікке тапсырыс бердім. Барлығы әдеттегідей жүріп жатты: таңдадым, төледім, күтіп отырмын. Курьер келді, есік ашып, амандасып, рахмет айттым. Ал ол "Атың кім?" деп сұрады. "Асылхан" дедім. Тапсырысты тексеріп жатқан шығар дедім. Келесі айтқаны мені ашуландырды, ол "Қазақша сөйле!" деді. Демек менің үйімде маған қай тілде сөйлеуім керегін айтып отыр ма? Бұл қалыпты жағдай ма? Таңданысымда шек болмады. Сосын бұл жағдай бірінші рет пе әлде мұнымен тағы басқалар да бетпе-бет келді ме деп ойладым. Сіз не істер едіңіз", – деп жазды желі қолданушысы. 

Кейін компанияның клиенттерді қолдау қызметі желі қолданушысымен байланысқа шығып, тапсырысты жеткізген курьердің жұмыстан шеттетілгенін және компанияға қайта жұмысқа орналаса алмайтынын жеткізген. 

Аталған жайттан соң әлеуметтік желіде қызу талқы туындап, азаматтар Magnum желісіне бойкот жариялайтынын жарыса жазып жатыр. Ал компанияның өзі курьерді тіл мәселесі үшін емес, клиенттермен бірнеше рет дөрекі сөйлескені үшін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. 

"Әлеуметтік желіде Magnum компаниясы курьерді тіл мәселесі үшін жұмыстан шығарды деген ақпарат тарап жатыр. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Жағдайдың мән-жайы мүлдем басқаша. Курьердің жұмыстан босатылу себебі – клиенттермен бір емес, екі емес, бірнеше рет дөрекі сөйлесіп, қызмет көрсету әдебін қайталап бұзуы. Біз оған өз қатесін түзетуге жеткілікті уақыт, мүмкіндік бердік – ескерту жасадық, сынақ мерзіміне ауыстырдық. Алайда, өкінішке қарай, сол уақытта әдебі өзгермей, тағы да тұтынушымен араздасып қады. Келеңсіз оқиғалар қайталанды. Артынан шағым түсіп жатыр. Содан кейін, амал жоқ, еңбек шартын бұзуға тура келді", – деп жазды Magnum компаниясының өкілдері әлеуметтік желіде. 

Сондай-ақ супермаркеттер желісі қызмет көрсету мәдениеті өте маңызды екенін айтып, мәселенің мемлекеттік тілге қатысты болып қабылданғанына өкініш білдіретінін жеткізді.

магнум 

Ал журналист Нұрсейіт Жылқышыбай жұмыстан қуылған курьерді өз компаниясына қызметке алуға дайын екенін мәлімдеді. 

"Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін адам жұмыссыз қалмауы керек! Қазір қазақтың саны бұрынғыдай емес, көп. Magnum-ға бармау акциясын қолдаймын. Қазақ тілі тек қазақтың ғана тілі емес, ол статусы бар МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ. Оны тек қарапайым халық емес, БИЛІК ТЕ қолдауы керек. Мемлекеттік тілде сөйлегені үшін жұмыстан қуылса, қылмыс. Осындай кезде “тілім, тілім” деп жүретін депутаттар қайда? Magnum басшылығы қоғам алдында бұл сорақылығы үшін жауап беруге тиіс!" – деп жазды ол.

Ал желі қолданушылары курьерді қолдап, Magnum желісіне бойкот жариялайтындарын жазып жатыр.

"Енді магнумға барған кезде менімен орысша сөйлескен кассир, сатушы, күзетші адамдардың үстінен жазып, жұмыстан шығарамын. Себебі менің жеке құқығымды таптап, менімен қазақша сөйлескен жоқ. Магнумның ресми парақшасы барлық тілді құрметтейміз деді. Ендеше менің қазақ тілімді қоса құрметтесін", "Магнум, сабаңа түс. Қазақстанда болған соң мемлекеттік тілді құрметте. Халықпен бейбітшілік пен келісімде өмір сүр. Дау-дамай үшін жұмыс істеп жатқан жоқсың деп сенемін", – деп жазды желі қолданушылары. 

Назархан Уән
Жексенбі, 06 Сәуір, 2025 10:05
Талқылау