Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қуаты 9 балл: Алматыда BAZIS-А құрылыс компаниясы салған тұрғын үй сейсмикалық сынақтан өтті

27 маусымда Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде сейсмикалық сынақ өтті. Жер сілкінісі жиі болатын оңтүстік астанадағы мұндай сынақты "ҚазҚСҒЗИ" АҚ – құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты ұйымдастырған. Ал елдегі ірі құрылыс компаниясы – BAZIS-А өз құрылыс алаңын сынақ өткізу үшін ұсынған. Айтулы шараға шетелден келген сарапшылар, қазақстандық ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Stan.kz тілшілері де сейсмикалық сынақты бақылап, 9 балдық жер сілкінісінің қандай болатынын сезініп көрді. 

базис

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ – құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты мен BAZIS-А құрылыс компаниясы 2001 жылдан бері серіктес. 20 жылдан аса уақыттан бері институт мамандары компанияның құрылыс алаңдарында табиғи вибродинамикалық сынақтар өткізіп келеді. Аталған сынақ заманауи тұрғын үйлердің жер сілкінісі кезіндегі беріктігін және қолданылып жүрген технологиялардың тиімділігін тексеруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек BAZIS-А вибродинамикалық сынақтар үшін өз құрылыс алаңын ұсынуы Қазақстанда ғылымның дамуына қосқан үлесі деуге болады. Өйткені 9 балға дейін жететін жасанды жер сілкінісі кезінде ғалымдар құнды мағлұматтар алып, мұны ғылыми және зерттеу жұмыстарына қоса алады. Осылайша тұрғын үй салу және сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қолданыстағы технологияларды тексеріп, құрылыс жүргізу кезіндегі нормаларға өзгеріс енгізу мүмкіндігін алады. 

27 маусымда тұрғын үй кешенінде өткізілген сынақ сейсмикалық құрылыс саласындағы ТМД елдері Базалық ұйымы отырысының қорытынды бөлігі болды. Отырысқа биыл 30-дан аса қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысқан. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және тағы басқа елдердің құрылыс саласындағы министрлік өкілдері, бұдан бөлек Канада, Германия мен Қытайдан келген сарапшылар сейсмикалық құрылыстағы маңызды мәселелерді талқылады.

Натуралық вибродинамикалық сынақ өткізу үшін бұл жолы RIVIERA Plus кешеніндегі 16 қабаттық үй таңдалыпты. Нысанның құрылысы толығымен аяқталмаған. 9 балға дейін жасанды жер сілкінісін тудыратын алып құрылғы үйдің шатырына орналастырылған. Институт мамандары нысанның негізгі және қосалқы конструкцияларын бақылай алуы үшін аса сезімтал 60 датчик орнатылды. Құрылғылар әр қозғалыс пен тербелісті жазып алып, деректерді сараптауға мүмкіндік береді. 

Ал БАҚ өкілдері мен сарапшылар сынақты 15-қабаттан бақылады. Ғимараттың бұл бөлігі асүй, қонақ бөлмесі және балалар бөлмесі ретінде бөлінген екен. Ал сейсмикалық сынаққа шынайылық беру үшін оны жиһаздармен жабдықтапты. 

Жер сілкінісін тудыратын құрылғы ондаған секундта үдеп, бірден 9 балға жетеді. Мұндай құрылғының біздің елде үш типі бар екен. Құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу орталғының мамандары әр сынаққа байланысты әр түрін қолданады. 

Тұрғын үйді сынау барысында тербелістің қуатты болғаны сонша, қонақтар үшін бір орында тұру қиынға соқты. Құрылғы үдей түскен сайын тербелістер де артып, бөлмелерге қойылған ыдыстар жерге түсіп, сынып та жатты. Вибродинамикалық сынақ бас-аяғы 3 минуттан аса уақытқа жалғасты. Сейсмосынақ аяқталған соң, шараға қатысқан мамандар тұрғын үйді аралап, темір-бетонды қабырғалар мен өзге де бөліктер өзгермегеніне көз жеткізді. 

Аталған сынаққа Қазақстанның экс-төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де қатысты. Тілшімізге пікір білдірген бұрынғы шенеунік сынақтың жоғары дәрежеде өткенін мәлімдеді. 

"Біз халықаралық сарапшылар шақырылған керемет тәжірибенің қатысушысы болдық. Құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты өкілдерінің дерегінше, жер сілкінісінің қуаты 9 балға жетті. Дәл қазір ғимараттағы құрылымдық емес нысандардың, яғни ыдыс-аяқ пен жиһаздың құлап қалғанын көрдік. Меніңше, BAZIS-А алаңында өтетін осындай практикалық тәжірибені өзге де құрылыс компаниялары ұйымдастыруы керек. Сондай-ақ тек Алматы емес, өзге де сейсмикалық тұрғыдан қауіпті қалаларды қамтыған жөн деп ойлаймын", – деп ойын бөлісті экс-министр. 

Сейсмикалық сынақ аяқталған соң 16 қабатты тұрғын үйді аралап шыққан шетелдік және қазақстандық мамандар нәтижімен таныса келе, тұрғын үй қолданысқа толығымен жарамды деген тұжырымға келген. 

"Бүгінгі сынақтан алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Тербеліс өте қуатты болды. Жер сілкінісі жиі болатын аймақта тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрғыдан берік болуы өте маңызды. Біз қаншалықты биікте отырсақ та, ғимаратты қауіпсіз деп сеніммен айта аламын. Оның үстіне Қазақстан мен Қытай сейсмоқауіпсіздік бойынша екіжақты байланысты дамытуды қолға алды. Серіктестік аясында жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік мәселесінде біз үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін", – дейді Ли Аикун. 

"ҚазҚСҒЗИ" АҚ – құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Ералы Шоқпаров мұндай сейсмикалық сынақтарды өткізуге барлық құрылыс компанияcы келісе бермейтінін жеткізді. Сондықтан BAZIS-А құрылыс компаниясын "бірегей компания" деп атады. 

"BAZIS-А құрылыс компаниясы сейсмикалық сынақ өткізу үшін биыл да өз алаңын ұсынды. 2023 жылы басқа 14 қабатты үйде сынақ жүргізілген. Кез келген құрылыс компаниясы өзі салған үйін тексере білуі керек. Егер тескеріске келіссе, құрылыстың сапасына сенімді дегені", – дейді ол.

Ералы Шоқпаров нысандағы сейсмикалық сынақтар бірнеше аптаға созылатынын айтты. Себебі теориялық негізде есептелген коэффициенттер осындай сынақта пысықталады екен.

"Үй салынар кезде есеп жүргізіліп, жобалық құжаттар әзірленеді. Сынақ кезінде қолданылған құрылыс материалдары, үйдің жабыны да тексеріледі. Барлығы аяқталған соң институт мамандары арнайы есеп жасайды", – деп түйіндеді ол. 

BAZIS-А құрылыс компаниясы құрылыс алаңдарын сейсмикалық сынақ өткізуге болашақта да ұсына бермек. Себебі компания өкілдері мұндай тескерістердің ғылым үшін маңызы зор екеніне сенімді.

Талқылау