Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде магистратура мен докторантураға қабылдау емтихандары жаңа форматта өткізіледі

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл елімізде магистратура мен докторантураға қабылдау емтихандары жаңа форматта өткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

студенттер

Қазақстанда олимпиадалар, ҰБТ-ны ұйымдастырудан бастап магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процестер электрондық форматқа көшірілмек. 

"Жақында ҰБТ-ны электрондық форматқа көшіру туралы пост жарияладым.  Бұл өзгерістерді қоғам жақсы қабылдап, қолдау білдірді.  Бірақ, біз тек осы емтиханды ғана емес, барлық іріктеу іс-шараларының форматын ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін өзгертудеміз.  Осы бастамалар туралы қысқаша тоқталсам.  Біріншіден, оқушылардың  пәндік Олимпиадасы. Біз биыл ақпан айында алғаш рет оқушылар арасында республикалық олимпиаданы электрондық форматта өткіздік. Әр қатысушыға жеке компьютер берілді, әр оқушының іс-әрекетін бейнекамера бақылап отырды. Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер барлық процесті қадағалай алып, прокторинг жүйесі де қолданылды. Әлеуметтік желілерде және арнайы порталда ашық трансляция жүргізілді. Бұған қоса, біз биыл олимпиада тапсырмаларын тексеру жүйесін де өзгерттік. Бұрын қазылар алқасы мүшелеріне балалардың жұмыстары пропорционалды түрде берілсе, енді бағалау кезінде субъективизмді төмендету үшін қазылар алқасының әр мүшесі бір ғана тапсырманы көріп, бағалай алды. Келесі жылдары да олипиаданың облыстық және республикалық кезеңдері тек қана осындай форматта өтетін болады", - дейді Асхат Аймағамбетов. 

Оған қоса министр докторантураға да тек таңдаулы студенттер ғана түсе алатынын айтты. 

"Докторантураға қабылдау. Биыл докторантураға түсу емтихандары да ҰБТ-ға қойылған талаптар негізінде және Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пунктерде өтеді. Бұл бізге "ректорлар тізімі" деген алып-қашпа сөзді және осындай тәуекелдерді ұмытып, докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Эссені де, басқа да тапсырмаларды да осы компьютерлермен бейнекамералардың алдында отырып жазатын болады", - дейді министр. 

Магистратура үшін де талаптар өзгертілмек.

"Магистратураға түсу. Өткен жылы біз магистратураға түсушілердің емтихандарын пилоттық режимде электрондық форматта қабылдадық. Оқуға түскен азаматтар емтиханның расында әділ түрде өткенін айтып жатыр. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Бұдан былай магистратураның емтихандары осы форматта өтеді. Министр болып тағайындалғаннан кейін бірден педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуді қағаз форматынан электрондық форматқа көшіргеніміз естеріңізде болар. Осыған байланысты тестілеуді жақсы тапсырған адамдардың саны бірден бірнеше есе қысқарғанына қарамастан, бұл жүйе сыбайлас жемқорлық пен көшіріп алу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді", - дейді Асхат Аймағамбетов. 

 

Талқылау