Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелі босанған соң мерт болған: Павлодар облысында декреттік демалысқа шығуды ұйғарған ер азаматқа жәрдемақы берілмеген

Павлодар облысы Успен ауданының тұрғыны Александр Гора қиын жағдайға тап болғанын айтады. Қызы дүниеге келгенде жарынан айырылған ол мемлекеттен жәрдемақы тағайындалмағанын жеткізді. Не баламды қалдыра алмаймын, не жұмысқа шыға алмаймын деген ер азаматтың мәселесіне Stan.kz тілшісі назар аударды. 

бала

Ер азаматтың айтуынша, баласын қарайтын ешкім табылмағандықтан, өзінің жұмыстан шығуына тура келген. Табысынан айырылған ол әйеліне берілмеген бір реттік декреттік төлемге өтініш білдірген.

"Әйелім 17 ақпанда мерзімінен бұрын босанды. Бірақ 1 ай өтпестен, 12 наурызда өзі көз жұмды. 3 мамырға дейін қызым перзентханада болды. Себебі мерзімінен бұрын туғандықтан, әлі салмақ жинауы керек еді. 3 мамырға дейін тұрақты жұмысым болған. Балам ауруханадан шыққаннан бастап күтімімен өзім айналысамын. Сондықтан еңбекақысы сақталмайтын демалысқа шықтым. Табыс көзі болмағандықтан тиісті органдарға арыз жазып, декреттік төлем алуға өтініш білдірдім”, – дейді Павлодар облысының тұрғыны. 

Дегенмен оның өтініші сол күйі қанағаттандырылмапты. 

"Заң бойынша декреттік төлем бала бір жасқа толғанға дейін беріледі. Бұған қарамастан маған әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылды. Бұған себеп ретінде демалысқа шыққан уақытты көрсеткен. Айтуларынша, мен еңбек демалысына бала дүниеге келген уақытта шығуым керек екен. Маған және балама қатысты әділетсіздік танытты деп есептеймін. Арызды тек бір рет жаздым. Бірден бас тартты. Егер бала дүниеге келген уақыттан бастап, яғни ақпан айында демалысқа шықсам, үш айға жуық уақыт жұмыссыз отыруым керек. Осылайша табыстан айырыламын", – дейді Александр Гора. 

Әділдік іздеген ол құзырлы органдардың барлығына жүгінген. Бірақ бәрінің айтар жауаптары бір болды дейді. 



"Табыс көзінен айырылғандықтан, декреттік төлемді тым болмаса, мамыр айынан бастап тағайындауларын сұрадым. Себебі 10 ай төлем алсам, мен үшін көмек болар еді. Алайда мұнымен де келіспеді. Бар кінәні өзіме артып қойды. Арызды тек бала дүниеге келген уақытта жазу керек екенін алға тартты", – деп түйіндеді ол. 

Павлодар облысы тұрғынының шағымына байланысты Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі пікір білдіріп, өтініштің қайта қаралғанын мәлімдеді. 

"Азамат Гора Александр 2022 жылдың 28 ақпанында “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру” қорынан әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш жазды. Баласы 17 ақпанда дүниеге келген. 2 наурыз күні азаматтан табысынан айырылғанын көрсететін құжат пен бұйрық талап етілді. Себебі әлеуметтік төлем табысынан айырылған азаматтарға тағайындалады. Гора Александр еңбекақысы сақталмайтын еңбек демалысына шығу туралы арыздың басшылықта екенін айтып, түсініктеме ұсынды. Бұйрық болмағандықтан 15 сәуір күні әлеуметтік төлемнің тағайындалмайтыны туралы заңды шешім қабылданды. 16 мамыр күні әлеуметтік төлем тағайындау туралы қайта арыз жазды. Қажет құжаттардың барлығы ұсынылды. 17 мамырда Гора Александрға бала күтіміне байланысты әлеуметтіке төлем тағайындалды", – деп мәлімдеді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Анель Шенеева.  

Айта кетсек, бүгінгі таңда азаматтың өтініші қайта қаралмақ. Бұл туралы бізге Александр Гораның өзі айтты. 

“Кеше қоңырау шалып, арызды қайта жазуым керек екенін мәлімдеді. Енді құжаттарды да қайталап тапсыруым керек. Осыдан кейін маған декреттік төлем тағайындалады”, – деп қуанышын жеткізді ол.  

Талқылау