Мәдениет қайраткері: Тұрсынбек Қабатовтың өзі қазақтың тілін мазақтап тұрғанына парасаты жетпей ме?
Ақын, Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебай Тұрсынбек Қабатовтың әзілін сынға алды.
Несін жасырайық, әлде әзілкеш, әлде актер Тұрсынбек Қабатов деген жігіттің сахнаға шығып алып зуылдата сөйлеп тұрғанын өз басым онша суқаным сүймейтін еді. Онымның бекер емес екеніне биылғы қазанның 14 жұлдызында Қабатовты телеарнадағы «Әзіл әлемі» деген жобадан көргенімде тағы да.
Ол бұл жолы әр өңір қазақтарының ауызекі сөйлеу мәнерін мазаққа айналдырды. Ақыл-ойы, парық-парасаты дұрыс адам не айтса да өзі білетін, өзі зерттеп, мән-мағынасына қаныққан мәселені қозғайды. Ал өзі сахнада қазақшаға орысшаны көжеқатық қып араластырып сапыратын Тұрсынбек әзілкеш әр өңірдің жергілікті ауызекі сөздерін күлкі етіп тұрып қазақтың тілін мазақтап тұрғанына парасаты жетпей тұр ма деп оны бір жағынан аяп та отырдым. Иә, дүниежүзілік тіл ғылымында орфография, орфоэпия, сингармонизм яғни, үндестік заңы, ауызекі тіл (разговорная речь) деген ұғымдар бар. Бұл жер бетіндегі халық атаулыға түгел тән нәрсе. Әлде Тұрсынбек әзілкешке осы мәтінді ондайдан хабары жоқ надандау біреу жазып берді ме, әлде Тұрсекеңнің білім-білігінің жеткен жері ме, қайдам, ол кейбір қазақтар «қай жаққа» дегенді ауызша «қайаққа», «не істеп жатырсың» дегенді «не істебатсың» дейді деп, тағы бір-екі осындай ауызекі сөздерді күлкі қып біраз сілтеді. Әлде шынымен қазақ сөздерін мазақ қып күлді ме, әлде Тұрсынбектің аузы-аузына жұқпай сөйлегеніне күлді ме, қайдам, әйтеуір залда отырған біраз той-думаншыл қауым күлкіге қарық боп жатты.
Иә, әрбір көзі ашық адам ауызекі тіл, жазбаша тіл дегеннің не екенін білуі тиіс. Мысалы, орыстар бір ғана «человек» деген сөздің өзін әртүрлі құбылтып айтады. Оның бәрін тізбелеп жатпай-ақ қоялық. Ал Қазақстанның қазақ ең көп тұратын Шымкент, Қызылорда жағынан бастап, одан әрі Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал уәлаяттары «не істеп жатырсың», «қайда бара жатырсың», «тамақ ішіп жатырсың ба» дегенде «жатыр» сөзін айта бермей «не істебатсың», «қайда баратсың», «тамақ ішіп жатсың ба» немесе «қай жаққаны»– «қайаққа», «анау жақта» дегенді «анияқта», «мынаяқта», не істеп отырсыңды» «неістеп отсың» дей салады. Әр сөздің бүкіл әрпін бірін қалдырмай айту керек деген заңдылық жоқ. Әрі ондайда сөйлеу тілі, ауырлайды. Ауызекі тіл, үндестік заңы дегеніміз – осы. Оны Тұрсынбек мырза білмесе де ол дүниежүзі халықтарында бар нәрсе. Тілі шұбарланған, әр сөздің бүкіл қарпін түгел айтсам дұрыс болады деп ойлайтын сауаты төмен тележурналистер мен тележурналист болып алған сайқымазақтар, әншілер мен КВН-шылар бұл заңдылықты білмейді. «Ағорда» демей «Ақ орда», «көгөніс» демей «көк өніс», «ботагөз» демей «ботакөз», «неғып жатыр» дегенді «не қылып жатыр», «қарағызды» «қара қыз» деп буынға бөліп, үзіп-созып сөйлейтін де солар.
«Қайсыбірін айтайын қайран, көке» демекші, бүгінгі Қазақстан телеарналарынан тек Тұрсынбек Қабатов емес, одан өзге де арзанқол әжуа, қылжаққа толы дүниелерді көріп отырып елімізде қазақтың ғасырлар бойы отаршылдық табанында тапталып қалған ұлттық санасын, ұлттық намысын оятпақ түгіл қазақты әуейі, ұрпағының бүйте берсе кімге айналарын ойламайтын, той-томалақ, ойын-сауықтан басқамен шаруасы жоқ, тамағы тоқ болғанына мәз, санасыз тобырға айналдыру саясаты телеарналар арқылы осылай жүргізіліп жатқан жоқ па деп қорқамыз.
Аша Матай деген келіншектің біресе тістерін түгел ақситып, біресе аузын барынша ашып орынды-орынсыз күле беретінін көргенде оның телеэкранда өзін ұстай білу мәдениетіне күмәнмен қарайтынмын. Оған анау «Қалаулым» атты жобаны кім ашып бергенін Құдай біледі, әйтеуір ондағы қазақ қыздарының оспадар қылықтарын көрген сайын жоғарғы жақта осындай жобалар ашу арқылы қазақты бұратола бүлдірумен айналысатын біреулер отырғандай көрінеді де тұрады. Әйтпесе, қандай «жүк көтеріп» отырғаны атынан-ақ көрініп тұрған телеарналардағы мына жобаларды қазақтың сау-саламат ұрпағын өсіруге қызмет етеді деу мүмкін бе? Қараңыз:
«Той-думан», «Жұлдызды жекпе-жек», «Жұлдыздар жарқырайды», «Қызық таймс», «Ән мен әнші», «Әндер мен жылдар», «Сенбілік шоу», «Биле, Қазақстан», «Гәкку», «Екі езу», «Айнонлайн», «Жайдарман», «Әзіл әлемі», «Пәленшеевтер», «Тақиясыз періште», «Silk way Star», « na SinGer», «Сағындырған әндер-ай», «Келіндер бәйгесі». Осылай кете береді. Бұларды көріп отырып, қазақ ән салып, би билеу, қыршаңқы, қысыр сөз, әзіл-қалжың, сайқымазақ, той-томалақ ойын-сауықтан басқа шаруаның бәрін түгендеп бітіріп тастаған халық екен деп қаласың. Құдай сақтасын, баяғыда бір әжеміз кейігенде «Арсызға күнде мейрам, күнде той» дейтіні еске түседі. Сол кісі айтқандай қазір теледидарды ашып қалсаң инкубатордан шыққан балапандардай құжынаған, өріп жүрген әнші емес әнші, сазгер емес сазгерлерді көресің. Әңгімелері солардың не ішіп, не жейтіні, не киетіні, күйеуімен немесе әйелімен қалай танысқаны, бал айын қайда өткізгені, неше клип түсіргені, қандай көлік мінетіні, тіпті, қалай жатып, қалай тұратыны, қандай әтір, қандай иіссу құятыны туралы. Осымен доғарайық.
Телевизия ХХІ ғасырдың ең пайдалы да, ең қауіпті де құралы. Әттең, біз 26 жылдан бері оны ғасырлар бойы тілі шұбарланған, ұлттық бет-бейнесінің көп қырынан, ұлттық санасынан, салт-дәстүрінен алшақтап қалған, қазақты үстем ұлттың алдындағы құлдық мінезден арылтып, шын тәуелсіз ұлт қалпына келтіруге пайдалануды қолға алған жоқпыз.
Мырзан Кенжебай, Abai.kz