Футболдан Бразилия құрамасы мен “Барселонаның” шабуылшысы Неймардың балауыз мүсіні Орландодағы мадам Тюссо музейінің төрінен орын алмақ.
Бұл туралы Р-Спорт сайты хабарлайды.
Неймардың балауыз мүсіні футболшының 2014 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатындағы кезекті голын тойлау сәтіндегі бейнесі ретінде жасалынады. Ойыншы 5 матчқа қатысып, 4 гол соққан болатын. Алайда, жартылай финалда Колумбияға қарсы ойында ауыр жарақат алып, турнирден тыс қалды.
“Мадам Тюссо музейіне менің мүсінімнің қойылуы менің өмірімдегі ең қуанышты әрі ең маңызды кезең”, – дейді Неймар.
Неймардың мүсіні музейдегі теннисші Серена Уильямс, әйгілі гольф жұлдызы Тайгер Вудс, баскетболшы Шакил О Нил, Ұлттық футбол лигасының экс-ойыншысы Дэн Марино және бейсболшы Дерек Джетердің қатарын толықтырмақ.
Мадам Тюссо музейі 200 жыл бұрын мүсінші Мари Тюссоның бастамасымен Мэрилебон ауданында ашылған еді. Музейдің Европа, Азия, Америка, Австралия құрлықтарында 20-дан астам филиалдары бар.