Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лукойл" компаниясы саудиялық Midad-пен активтерін сату жөнінде келісімге қол қойды – БАҚ

Фото: Purchase Licensing Rights

Сауд Арабиясының Midad Energy компаниясы қаңтардың соңында "Лукойлдың" шетелдік активтерін сатып алу туралы ниет келісіміне қол қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге қарағанда, келісім сатылымға шығарылған барлық шетелдік активтерді қамтиды. Сауд арабиялық Midad оларды қолма-қол ақшаға сатып алып, қажетті рұқсаттар алынғанға дейін қаржыны арнайы эскроу-шотта ұстамақ. Яғни, АҚШ Қаржы министрлігі мен басқа да реттеуші органдар мақұлдағанша, ақша уақытша "күту шотында" сақталады.

Reuters дереккөздерінің айтуынша, компания қазір барлық заң талаптарын орындау бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл мәміле тәуекелі жоғары қадам саналады, бірақ Сауд Арабиясының саяси ықпалына сенім артылып отыр.

Дегенмен, "Лукойлдың" шетелдегі активтерін сату туралы түпкілікті шешім АҚШ Қаржы министрлігінің рұқсатынсыз жүзеге аспайды. Ал Вашингтонның келісім берер-бермесі әзірге белгісіз.

Қазақстандағы "Лукойл" активтері осы мәмілеге кіре ме, жоқ па нақты айтылмаған. Бұған дейін компания америкалық Carlyle инвестициялық қорымен Германиядағы LUKOIL International GmbH еншілес кәсіпорнын сату туралы келісім жасаған. Бірақ ол құжатқа Қазақстандағы активтер енгізілмеген. АҚШ Қаржы министрлігінің талабына сәйкес, "Лукойл" шетелдік активтерін 28 ақпанға дейін сатуы керек.

Қазір Қазақстанда "Лукойл" Алматы облысындағы жағармай өндіретін зауытқа толық иелік етеді. Сондай-ақ ол "Теңізшевройл" жобасының 5%-ына және "Қарашығанақ Petroleum Operating" компаниясының 13,5%-ына қатысады. Бұдан бөлек, "ҚазМұнайГазбен" бірге Каспий теңізіндегі "Қаламқас-теңіз", "Хазар" және "Әуезов" кен орындарын игеру жобасында 50% үлесі бар.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның ең ірі мұнай кен орнындағы өндірістің тоқтауына байланысты мұнай бағасы өскенін жазған едік. АҚШ-тың Chevron мұнай-газ компаниясына тиесілі “Теңізшевройл” кәсіпорны электрмен жабдықтаудағы ақауларға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Шетелдік БАҚ мәліметінше, мұнай өндірісі тағы 7-10 күнге тоқтауы мүмкін. Бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын мұнай көлемінің қысқаруына әкелмек. Осы жаңалықтар аясында Brent маркалы мұнай фьючерстері 98 центке қымбаттап, барреліне 64,92 долларға жетті. Ал WTI мұнайы 1,11 долларға өсіп, 60,55 доллар болды.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Ақпан, 2026 13:01