Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лоукостер деген не және онымен қалай тиімді әрі жайлы ұшуға болады? 

Фото: FlyArystan

Тиімді бағада ұшақ билетін сатып алдыңыз, бірақ әуежайда жүк үшін қосымша ақы төледіңіз. Ұшақ бортында да тамақ бермеді. Ашуланатыныңыз анық. Дегенмен көбі мұндай жағдайға лоукостердің ерекшелігін ескермегеннен түседі. Лоукостер деген не және ол арқылы артық шығындалмай, қалай ұшамыз? Stan.kz ақпарат агенттігі бюджеттік әуекомпанияның ерекшеліктерін қазақстандық FlyArystan лоукостері мысалында түсіндіріп береді. 

Лоукостер деген не?

Лоукостер – әр жолаушыға нақты қажет қызметті ғана ұсынып, сол үшін ғана ақы алатын әуекомпанияның бизнес-моделі. Әдетте лоукостерлер билетінің стандарт тарифіне ұшақтағы орын мен қол жүгі ғана кіреді. Ал қалған қызметтерді қосымша ақы төлеп, алуға болады. Осы жүйесінің арқасында лоукостерлер басқаларға қарағанда билеттерін тиімді бағада сатады. Бір сөзбен айтқанда, лоукостердің мақсаты – жолаушының қалтасы мен ыңғайына бейімделіп, қызметін ұсыну. 

Мысалы, Қазақстандағы Air Astana – кәдімгі дәстүрлі әуекомпания. Ал оның құрамына кіретін, бірақ жеке бренд ретінде жұмыс істейтін FlyArystan – лоукостер. Бұдан басқа еліміздің әуежайынан Pegasus, FlyDubai, AirAsia сияқты шетелдік лоукостерлер де ұшады.

Лоукостер бағасы қалай құралады? Оған не кіреді?

Лоукостердің қолжетімді екені – олардың сапасы мен қызметі нашар дегенді білдірмейді. Мұндай әуекомпания клиенттеріне қолайлы нұсқаларды ұсыну үшін қауіпсіздігін, қызметі мен сапасын түсірмей, басқа шығынын азайтуға тырысады. FlyArystan-ның маркетинг және сату жөніндегі директоры Жанар Жайлауованың айтуынша, қазақстандық және басқа да шетел лоукостерлері мынадай бірқатар әдісті қолданады:

  1. Ұшақ билетіне қосымша қызметтерді қоспайды

Кәдімгі әуекомпаниялар ұшақ билетіне тамақ, жүк, борт ішіндегі құлаққап, теледидар, орын таңдау сияқты қызметтердің де ақысын қосып сатады. Ал лоукостерде тек кездейсоқ орын мен 5 келі қол жүгі үшін төлейсіз. Тамақ не басқа да қосымша нәрсе қажет болса – бөлек сатып аласыз. Осылай, компания қосымша қызметтерді қоспай, билет бағасын төмендетеді. 

  1. Бір үлгідегі ұшақтарды қолданады

FlyArystan Airbus A320 үлгісіндегі бірдей ұшақтарды қолданады. Бұл компанияға бәріне жарайтын қосалқы бөлшектерді сатып алуға, ұшқыштар мен бортсеріктерді бірге оқытуға, инженерлерге ұшақты бүге-шүгесіне дейін зерттеп, керек кезде оны оңай жөндеуге мүмкіндік береді. 

Airbus A320 ұшағында 180-188 адамға орын бар. Ал ұшақта қаншалық орын көп болса, соншалық шығын азаяды. Лоукостер ұшақтарының кейбірінде орындықтар тығыз орналасуы, орындығы шалқаймауы мүмкін. Дегенмен бұл әуекомпанияға байланысты. Мәселен, FlyArystan-ның ұшақтарының орындақтары жеңіл әрі оның арқасы шалқайып, адам арқасын, белін ауырпайды.
  1. Ұшақтары жиі-жиі ұшады

Лоукостер ұшақтары әуежайға қонған соң, ұзақ кідірмей, 30 минуттан соң келесі рейсті орындайды. Барлық рәсімдерден уақытылы әрі жайлы өту үшін әуежайға алдын ала келген жөн. Ішкі рейстерге кемінде ұшу уақытына 2 сағат қалғанда, ал халықаралық рейстерге кемінде 3 сағат қалғанда келу ұсынылады. 

  1. Көбіне онлайн қызмет ұсынады

Лоукостерлер жердегі қызметтерінің шығындарын да азайтып, көбіне онлайн қызмет көрсетеді. Билетті сайт немесе мобильді қосымша арқылы сатады. Жолаушылар рейске онлайн тегін, ал әуежайда ақылы тіркеледі. 

“Былтыр FlyArystan арқылы 4,2 миллионнан астам жолаушы қатынады. Олардың 75%-ы билетін алдын ала алып, онлайн тіркеліп, өзіне қажет қосымша қызметтерді сатып алды. Ел ішінде ұшқан FlyArystan жолаушыларының 92%-ы онлайн тіркелген. Ал 65%-ы отырғызу талонының қағаз нұқасынсыз, тек онлайн түрін қолданған. Бұл – ыңғайлы, үнемді әрі экологияға да пайдалы”, – дейді FlyArystan өкілі Жанар Жайлауова. 

FlyArystan-ның маркетинг және сату жөніндегі директоры Жанар Жайлауова

Саяхатшының кеңестері: лоукостермен ұшпай тұрып, нені білу керек?

Саяхатшы-инфлюенсер Тимур Шайдуллин ел ішінде және Таиланд, Грузия, Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерге авторлық тур ұйымдастырады. Онымен бірге көбіне жастар саяхаттағысы келетіндіктен, тур бағасын қолжетімді етуге тырысады. Тимурдың сөзінше, мұндай сапарда лоукостерлер арқылы қатынау – ұтымды шешім. 

“Бұған дейін бірнеше мәрте Біріккен Араб Әмірлігіне FlyDubai-мен, Грузияға FlyArystan арқылы ұштым. Лоукостерлер ыңғайлы әрі тиімді. Иә, ұшақ бортында тамақ, экран жоқ шығар. Есесіне арзан билет алып, жаңа елге жаңа әсер алу үшін барамыз”, – дейді саяхатшы. 

Тимур Шайдуллин. Фото жеке архивінен

Тимур әуежайда лоукостердің ерекшелігін түсінбегеннен көп дау-дамай болатынын байқайды екен. Сол себепті ол туристеріне лоукостер ұшақтарының өзгешелігін, сатып алған ұшақ билетінің тарифін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Жиһанкез-блогер өз тәжірибесіне сүйеніп, лоукостермен ұшпай тұрып, ескеру керек бірқатар кеңесін бөлісті:

Билетті ерте сатып алыңыз.

Ұшатын күн қаншалық жақын болса, сол күнге билет соншалық қымбат. Бүкіл әлемдегі дәстүрлі әуекомпанияларда да, лоукостерлерде де солай. Сондықтан ертерек қолжетімді билетті сатып алып, сапарыңызды асықпай жоспарлаңыз.

Кейде кәдімгі әуекомпания мен лоукостер билетінің бағасы бірдей-ақ болып тұрады. “Сонда оның несі арзан?” деуіңіз мүмкін. Мұның себебі мынада: жүйе маусымды, сұранысты, бағыттың қаншалық танымал екенін ескеріп отырады. Белгілі бір күнге көп адам билет іздесе, сол билет тез қымбаттайды. 

Мысалы, 4 қыркүйекте мақала дайындау барысында біз билет бағаларын тексерген болатынбыз. 7 қыркүйекте Алматы – Астана бағыты бойынша ұшатын рейстің билеті – 33 199 теңге, ал 7 қазанда дәл осы бағытта ұшатын ұшақ билетінің құны – 20 956 теңге. Екі билетті де FlyArystan лоукостері ұсынып отыр. Екеуіне де тек орын мен 5 келі қол жүгі ғана кіреді. Есесіне бағасында айырмашылық бар. Себебі бірінші рейстің ұшуына үш күн қалды. Ал екінші рейске әлі бір ай бар. Осылай, билетті ерте сатып алып, қаражатты үнемдеуге болады. Дегенмен әуе билеттерінің бағасы сұранысқа, мерекелік күндерге және ұшақта қалған орын санына қарай күн сайын өзгеріп отыратынын да ескеру керек. Доллар валютасының курсы да билет бағасына әсер етеді. 

Билеттің тарифін тексеріңіз.

Кейбірі арзан билетті көріп, асығыс сатып алады. Кейін “Неге жүк үшін қосымша ақы төлеуім керек?” деп ренжиді. Лоукостер билеттеріне тек орын мен қол жүгі кіретінін ұмытпаңыз. Қосымша қызметтер қажет болса, оны бөлек сатып алыңыз. 

Қосымша қызметтерді алдын ала алыңыз.

Бір сөмке арқалап қана барамын деп, тек қол жүгі кіретін билетті алдыңыз. Кейін өзіңізбен бірге көп жүк алатын болдыңыз делік. Әуежайға баратын уақытты күтпей, қосымша қызметті алдын ала сатып алыңыз. Жүкті әуежайдан гөрі онлайн сатып алғандар ақшасын 70%-ға дейін, ал бортта ішетін тамағын алдын ала тапсырыс беріп қойған адам 30%-ға дейін үнемдейді. 

Лоукостердің ережелерімен жіті танысыңыз.

Әуекомпанияның сайтында барлық ережесі жазылып тұрады. Пошта, push-хабарлама, әлеуметтік желі арқылы өзгерістер мен басқа жаңалықтар хабарланады. Қол жүгі бес келіден аспауы керек деді ме? Керек-жарағыңызды ұқыптап жинап, бір ғана сөмкеге салыңыз. Қол жүгі арқылы не тасымалдауға болмайтынын біліп алыңыз. Сонда әуежайда жүйкеңіз жұқармайды әрі шығындалмайсыз.

Онлайн тіркеліңіз.

Әуекомпанияның ресми сайтынан тіркелу тегін, ал әуежайда ол үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді.

Жоспарыңыз нақты болмаса, қайтарылатын билет алыңыз.

Кейде күтпеген жерден жоспарымыз өзгеруі мүмкін. Осындай сәтте билетіңіздің ақшасын қайтарғыңыз келсе, міндетті түрде қайтарылатын немесе айыппұл төлеп қайтаруға болатын тарифті таңдаңыз. Әйтпесе, лоукостерлердің стандарт тарифіне бұл қосылмайды. 

Қорытындыласақ, лоукостер – арзан әрі ыңғайлы ұшу мүмкіндігі. Мұнда таңдау жолаушыда: бір ғана қол жүгімен ұша ма, әлде қосымша қызметтерді қоса ма – бәрі өз еркінде. Бастысы, тариф шарттарын мұқият қарап, сапарға алдын ала дайындалса, артық шығыннан құтылып, сапарын тиімді өткізе алады.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 10 Қыркүйек, 2025 09:00
Талқылау