Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лос-Анджелесте 11 мыңнан астам жұмысшы ереуілге шықты

АҚШ-тың екінші үлкен қаласы Лос-Анджелесте 11 мыңнан астам жұмысшы ереуілге шықты. Олардың арасында санитарлық қызметкерлер, құтқарушылар, механиктер бар. Олар еңбек заңнамасының сақталуын, тиісінше еңбек жағдайлары мен лайықты жалақының жақсаруын талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Біз жақсы мүмкіндіктер мен тиімді жұмыс жағдайларын қалаймыз. Лайықты жалақы берілсе дейміз. Біз атқарған жұмысымыз үшін аз ақы аламыз. Барлығымыз жұмысымызды жақсы атқарып жүрміз. Біз таптырмас жұмысшылармыщ. Пандемия кезінде де көп жұмыс жасадық. Сондықтан олардан әділ шешім шығаруды сұраймыз" - деді ереуілге қатысушы Альфредо Чавес.

Бүгін Лос-Анджелесте қоғамдық бассейндер жабылды. Кейбір мемлекеттік мекемелердің жұмысы тоқтатылды. Ұйымдастырушылар мен жұмысшылар кәсіподақ ұйымының айтуынша, мұндай шараға жергілікті биліктің жосықсыз саясаты себеп болған. Бірақ іс жүзінде олармен келіссөз жүргізетін ешкім жоқ.

"Біз осы жылдың басында келіссөздер үстеліне отыруымыз керек еді. Бірақ билік уақытын ауыстырып, уәделерін бұзды. Біз әділетсіз еңбек тәжірибесі туралы шағым түсірдік. Олар келіссөздер үстеліне тіпті мәміле жасауға құқы жоқ адамдарды әкелді. Нәтижесінде біз тағы да келіссөздерді күтіп отырмыз" - деді  SEIU 721 Президенті және бас директоры Дэвид Грин.

Ереуіл бірнеше күнге созылады. Бірақ Лос-Анджелес мэрі Карен Басс қалада ешқандай жұмыс тоқтамайды деді. Сонымен бірге ол ереуілшілердің талаптары тыңдалғанын, келіссөздердің жалғасатынын жеткізді.

Талқылау